ҚЫСҚЫ ЖОЛ: дайындық ойдағыдай
«Кəрі құдаң – қыс келіп əлек салды», деп Абай хакім айтпақшы биылғы қыстың басы қатты басталды. Сақырлаған сары аязы даладағыларды айтпағанда үйдегілердің өзін дірілдетті. Ал, жолда жүрген жолаушылардың халі қандай болғаны өздеріне ғана аян…
Десек те, қыстың көзі қырауда жолаушылар мен түрлі жүк тасымалдап жүрген көліктердің кідіріссіз жүріп, жолаушылардың жолда жаурамауы үшін жолың сайрап жатуға тиіс. Ал, қысы қытымыр, бораны мен аязы бет қаратпайтын Ұлытау аймағында бұл жағдай қандай деңгейде? Тиісті құзырлы орындар жолды қысқа сақадай сай ете алды ма? Бүгінгі əңгімеміз осы жайлы болмақ.
– Алдағы қысқа мүмкіндігімізше дайындалдық. Қыстың қандай болары бір Аллаға ғана аян ғой. Əйтсе де жергілікті билікке қатысты шаралардың бəрі жасалынды. Техникалар мен қажетті материалдар əзір. Тек, жолаушыларға жол амандығын берсін дейміз. Осы бір орайлы сəтті пайдаланып мен жүргізушілер мен жолаушыларға арнаулы құзырлы орындардың хабарландырулары мен ескертпелеріне назар аудара жүріңіздер дегім келеді. Көп жағдайда ескертулерге құлақ аспай, жолда қалып жататындарымыз бар, – дейді аудан əкімінің осы салаға жауапты орынбасары Аян Əбжамалов.
Қар түсіп, күннің райы салқындаған сайын ауданның коммуналдық қызметі де өз жұмыстарын ширата түскен. Əсіресе, қысқы жолдарды күтіп ұстау мен уақытылы тазалап, жүргізушілер мен жолаушыларға жағдай жасауды жіті қолға алыпты. Бұл жайлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары жəне тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Дəулет Маманов егжей-тегжейлі айтып берді.
– Ауа-райы нашарлаған кезде барлық қауіпті учаскелер тəулік бойы бақыланады. Қарашадан бастап барлық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Барлық жол қызметтерінің, мемлекеттік мекемелердің, Төтенше жағдайлар құралдары күштерінің жедел өзара іс-қимылы үшін жоспар əзірленді, – дейді Д.Маманов.
Бөлім басшысының айтуынша бұл шараға селолық округтер əкімдері де үлкен мəн беруде. Олар өздеріне тиесілі жолдарды қыста күтіп ұстаудың қамын жасап қойыпты.
– Ұлытау ауданының аумағында 213 шақырым аудандық дəрежедегі автокөлік жолы өтуде. 2022 жылы аудандық дəрежедегі жолдарды күтіп ұстау бойынша село, кент əкімдіктері ауқымды жұмыстар атқарды. Мəселен, Аманкелді ауылдық округінің əкімдігі Сарлық селосына кіре беріс 30 шақырым автокөлік жолын күтіп ұстау үшін «Қаражорғин Б» шаруа қожалығымен келісім шарт жасасқан. 2022 жылғы қаралған қаржы 2 000,0 мың теңге, игерілгені 1 500,0 мың теңге. Қаралған қаржыға мердігер автокөлік жолының суағарларын тазарту, жолды қардан аршу жəне 15 «КамАЗ» скальді топырақ төсеу жұмыстарын жүргізді. Қыркүйек айында жол жиегіндегі шөп шабылды.
Терісаққан ауылдық округінің əкімдігі Терісаққан селосына кіре беріс 45 шақырым автокөлік жолын күтіп ұстауға «Бекетай-Баба» ЖШС келісім шарт жасасты. Қаралған қаржы 5 000,0 мың теңге, игерілген қаржысы 2 500,0 мың теңге. Мердігер аталған автокөлік жолының суағарларын тазарту, жолды қардан аршу, көктем мезгілінде су шайған жол бөліктеріне топырақ төгу жəне автокөлік жолын қыру, тегістеу жұмыстарын жүргізді. Автокөлік жолын күтіп ұстауды 5 техникамен атқаруда. Оның ішінде: тиегіш – 1 дана, «КамАЗ» – 2 дана, «МТЗ» тракторы – 1 дана жəне автогрейдер – 1 дана.
Борсеңгір ауылдық округінің əкімдігі Борсеңгір селосына кіре беріс» 20 шақырым автокөлік жолын күтіп ұстау үшін «Рахметов М» жеке кəсіпкерлігімен келісім шартқа отырды. Қаржысы 2 800,0 мың теңге, игерілген қаржысы 1 800,0 мың теңге. Автокөлік жолын күтіп ұстауды 2 дана техникамен атқаруда. Оның ішінде: тиегіш – 1 дана жəне «КамАЗ» – 1 дана.
Сарысу селолық округінің əкімдігі Жыланды селосына кіре беріс 20 шақырым автокөлік жолын күтіп ұстау үшін «Арай» жеке кəсіпкерлігімен келісім шарт жасасты. Қаралған қаржы 1 500,0 мың теңге, игерілгені 700,0 мың теңге. Мердігер жолды күтіп ұстау барысында, жолды қардан аршу, жолды тегістеу жəне жол бойында пайда болған шұңқырларды жабу жұмыстарын жүргізді. Жұмыстарды «МТЗ-82.2» техникасымен атқаруда.
Егінді ауылдық округінің əкімдігі Егінді селосына кіре беріс 32 шақырым автокөлік жолын күтіп ұстауға конкурс ұйымдастырылып, ағымдағы жылдың 30 шілдеде шыққан Облыс жаңалықтары қорытындысы бойынша жеңімпазы «FasadStroi» ЖШС болып анықталды. Қаржысы 1 500,0 мың теңге. Мердігер жұмыстарды 2 дана техникамен атқарады. Оның ішінде тиегіш – 1 дана, трактор – 1 дана.
Шеңбер ауылдық округінің əкімдігі Қорғасын селосына кіре беріс 27 шақырым автокөлік жолына «Ғимарат KZ» ЖШС 2021 жылы жасалған жұмыстарға кепілдік мерзіммен 4000 тонна қиыршық тас төсеп, таптау жұмыстарын жүргізді жəне «Ұлытау-Тасбұлақ» ЖШС 5 377,0 мың теңгеге «Ащылысай» бойында орналасқан суағарға жөндеу жұмыстарын жүргізді, – дейді Дəулет Маманов бізбен əңгімесінде.
Ұлытау ауданының аумағында республикалық жəне облыстық дəрежедегі жолдар да бар. Оларды күтіп ұқстау бағытында да нақтылы жұмыстар қолға алынған. Мəселен, Республикалық дəрежедегі «Жезқазған – Қызылорда», «Жезқазған – Петропавл» бағытындағы автокөлік жолдарына ДЭУ-44 мекемесі қызмет көрсетеді. Аталған автокөлік жолының күтіп ұстау барысында ДЭУ-44 мекемесі автокөлік жолына ағымдағы жөндеу, жол белгілерін айырбастау жəне жол жиегіндегі шөбін шабу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстарға 7 дана техника жұмылдырылған.
Ал, облыстық дəрежедегі «Ұлытау – Бозтұмсық – Малшыбай – Сəтпаев» жəне «Жезді – Қарсақбай – Байқоңыр – Қоскөл» бағытындағы автокөлік жолдарына «Дорожник» өндірістік кооперативі қызмет көрсетеді екен. Аталмыш мердігер кезінде Қарағанды облысының жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары басқармасымен 3 жылға келісім жасасқан екен. Келісім 2024 аяқталады. Осыған байланысты «Дорожник» ӨК аталған бағыттардағы облыстық дəрежедегі жолдарды күтіп ұстауға 5 дана техника жұмылдырыпты.
Міне, аудан бойынша жолдарды қысқы мерзімде күтіп ұстауға байланысты жұмыстардың жайы осындай. Дей тұрғанмен бəрі де нақтылы істе сыналады.