Кентте көп жұмыс атқарылады
Сəрсенбінің сəтінде аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ Жезді кентінің жұртшылығымен жүздесті. Оған аудандық мəслихаттың хатшысы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ жəне аудандағы мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.
Аудан басшысы əуелі кенттегі құрылыс жұмыстары жүріп жатқан спорт кешені мен ауруханаға атбасын бұрып, оның жұмыс барысымен танысты. Нəтижесінде көп жұмыстардың көңілге қонымсыз екенін, жұмыстың кестеден көп кешеуілдеп жатқанын айтып, мердігерлерге қатаң талаптар қойды. Қадау-қадау міндеттер жүктеді.
Бұдан соң аудандық Мəдениет үйінде халықпен кездесті. Кездесуде кент əкімі Мұратбек Жұмабеков атқарылған жұмыстарын қысқаша саралап шықты. Оның айтуынша, кентте аз жұмыстар атқарылмаған. Əсіресе көп жылдардан бері қордаланған су, жарық мəселелері біртіндеп шешімін тауып келеді екен. Кешегі кеңес өкіметі кезінде де ауыз су тартылмаған кейбір көшелерге құбыр жетіп, көше тұрғындары рахатын көріп жатыр екен. Жел болса жалп етіп сөне беретін жарық желілерінде сыртында қаптамасы бар заманауи сыммен алмастыру қолға алыныпты.
Əрине, шешімін күтіп отырған мəселелер де баршылық. Əсіресе, аурухана мен спорт кешені құрылыстарының созылып кеткені, жұмыс сапасының төмендігі егжей-тегжейлі айтылды.
Баяндамадан соң кент тұрғындары өздерін толғандырған мəселелерді ортаға салды. Олардың бірі кентте дəрігер мамандар жоқ, мүмкіндік болса аудандағы мамандар кентке келіп, қабылдау жасап тұрса дегенді алға тартса, енді бірі кенттің шалғай көшелеріндегі оқушыларды мектепке таситын арнайы автобус болса дегенді айтады. Су құбырларының жиі жарылып, жарықтың тұрақсыздығы да, жер мəселесі де əңгімеге арқау болды.
Көтерілген мəселелерге орай аудандағы тиісті мекемелердің басшылары жауап беріп, алда атқаратын жұмыстарын да жария етті. Мəселен аудандық ауруханалар бірлестігінің басшысы Жұмаш Баймұратов Жезді кентіне келер жылы жаңа дəрігер маман келетінін айтса, аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Əбдірайымов оқушылар таситын автобус мəселесі жергілікті биліктің құзырындағы шаруа екенін, бірақ оны бірлесіп шешудің жолын қарастыратынын жеткізді.
Аудан əкімі Аманжол Мырзабеков кент тұрғындары көтерген мəселелердің шешімін табатынын сенімді түрде айтты. Алдағы жылдың бюджеті жобаланып, ол облыстық деңгейде қорғалғанын, жиында көтерілген мəселелердің сол бюджетте көзделгенін жеткізді. Аудан басшысы келер жылы кентте он үйдің құрылысы басталатынын да айтып, елді бір серпілтті.
Жиыннан соң Аманжол Мырзабеков пен аудандық мəслихаттың хатшысы Ахат Құрмансейіт тұрғындарды жеке мəселелері бойынша қабылдады.