Елге ел қосылса – құт: Жезді кенті бір отбасына көбейді
Өткен жылы елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қолданысқа енгізілген еді. Жобаның басты мақсаты – елімізде өңірлер арасындағы айырмашылықты қысқарту жəне республика тұрғындарының ең негізгі проблемаларын шешу.
Ел тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерде тұрғындардың өз шаруасын дөңгелетуіне жердің жетімсіздігі қолбайлау болса, солтүстік өңірлерде керісінше. Жер бар, бірақ сол жерде шаруамен айналысатын жұмыс қолы жетіспей жатады. Міне, осы теңсіздікті теңестіру үшін Үкімет оңтүстіктен солтүстікке елдің ерікті түрде қоныс аударуына мүмкіншілік жасап отыр. Ол мүмкіншілік осы аталмыш жоба арқылы жүзеге асырылуда. Өткен жылдан бастап бұл жобаға Ұлытау өңірі де кірді. Осы ішкі көші-қон арқылы 2022 жылға Ұлытау ауданына оңтүстіктен-солтүстікке қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы 24 отбасының 120 мүшесіне 53 059 млн. теңге мөлшерінде белгіленген.
Ұлытау ауданында халық саны аз аймаққа мемлекеттік бағдарлама аясында қоныс аударуға ниетті жандарға қолдау да ерекше. Осының негізінде бүгінгі күні 8 отбасының 30 мүшесі оңтүстік өңірлерден келіп қоныстанып, тұрақты жұмыстарға орналастырылып, əкімшілік тарапынан үймен қамтамасыз етілуде. Жуырда Жезді кентінің тұрғындары аталмыш жоба аясында күнгей аймақтан келген бір отбасымен көбейді. Аудан əкімдігі көшіп келген отбасына тұрғын үй сатып əперді. Ал үйдің кілтін аудан əкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов салтанатты түрде табыс етті.
– Құрметті жезділіктер, міне, бүгін сіздердің қатарларыныз тағы бір отбасымен толығып отыр. Түркістан облысынан Медет Бəкенов бауырымыз көшіп келді. Негізі, Медет осы Жезді кентінің тумасы. Кешегі оңтайландыру жылдарында оңтүстік өңірге қоныс аударуға мəжбүр болған екен. Енді өз атажұртына оралуды жөн санапты. Қадамы құтты болсын. Біз, жергілікті билік тарапынан Бəкеновтар отбасына баспана сатып əперіп отырмыз. Қоныстарыңыз құтты болсын, – деді Мақсұт Сəрсенбайұлы.
Жалпы, Үкіметтің қабылдаған қаулысына сəйкес, теріскейге қоныс аударушы отбасының əрбір адамына бір реттік 214 мың теңге беріледі екен. Баспана да 5 жыл көлемінде азаматтардың аттарына ресімделіп беріледі.
– Ауданда ауыл шаруашылығын дамытамын деген шаруалар үшін де жеріміз де құнарлы. Көшіп келген оңтүстік азаматтарына жер телімдері конкурссыз беріледі, – деді аудан əкімінің орынбасары кілт тапсыру рəсімінде.
Орайы келгенде айта кетейік, Түркістан облысынан қоныс аударушы Медет Бəкенов Жезді кентінің байырғы тұрғындары екен. Тоқсаныншы жылдардың басында Шымкент облысына қоныс аударған. Медеттің əкесі Өтеш Бəкенов оңтүстікке қоныс аударғанға дейін Жезді кентіндегі ішкі істер саласына қарасты күзет бөлімінде қызмет етіпті.
– Əкем мен шешем қазір Шымкентте, жеке шаруашылықпен айналысады. Негізі, кіндік кесіп, кір жуған елге оралғысы келеді. Осы мақсатта мен бірінші болып көшіп келіп отырмын. «Жұмысқа орналасып, үй алсам көшіріп əкелем» деген едім əкеме. Жұмысқа Жезді кентіндегі марганец өндіретін кен орыны «НЭРИС» ЖШС-не конвейер аппаратшысы болып орналастырды. Келіншегім Гүлдана Жедел сұхбат Бөрібек мектеп-интернатта еден жуушы болып орналасты. Балаларыма балабақшадан орын берілді. Бүгін міне, үйдің кілтін тапсырып жатыр. Үй өзімізге ұнады. Кең жарық, ең бастысы жылы екен. Жергілікті билікке ризашылығымды айтамын. Барлық мүмкіндікті жасап жатыр. Енді ата-анамды да көшіріп əкелуіме болады, – дейді Медет бізбен əңгімесінде.
Салтанатты шарадан кейін біз аудандық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айна Əбіловаға жолығып, ішкі көшіқон бағдарламасымен келетіндерді көтермелеу шараларымен жақынырақ таныстық.
– Егер оңтүстіктің азаматы солтүстікке жұмыс бабымен көшкісі келсе, көші-қон шығындарын өтеу үшін əр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде 214410 теңгеден төлеп береміз. Екіншіден, барған жерінде тұрғын үй мəселесін шешу үшін, бір жылға дейін пəтер не үй жалдайтын болса, жалға алатын оларға айына 45945 теңгеден 64323 теңгеге дейін бір жыл бойы төленуде. Егер ай сайын төленетін қаражаттың есебінен ауылдық жерден шағын үй сатып алу мүмкіндігі болса, бір жылдық пəтерақыны бір мезгілде төлеп бере аламыз, – дейді Айна Бейсалықызы.
«Елге ел қосылса – құт» дейді дана қазақ. Міне, елге тиімді жобаның нəтижесінде халқының саны азайған өңірлерге ел қоныстана бастады. Бұл əр елді мекеннің əлеуетінің де артуына үлкен септігін тигізері анық. Ал, көшіп келемін дейтін жандарға Ұлытау ауданы барынша мүмкіндіктер жасауға əзір.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ