Жезқазғандықтар мемлекеттік наградалар мен Қазақстан Президентінің алғыс хаттарын алды

Ұлытау облысында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын дайындауға және өткізуге қатысқаны үшін 50-ден астам жезқазғандыққа ҚР Президентінің алғыс хаттары табысталды.


Салтанатты марапаттау рәсімінде өңір басшысы Б.Әбдіғалиұлы Президент сайлауы сияқты ел үшін маңызды оқиғаға белсенді қатысқан азаматтарға алғысын білдірді.
Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Ұлытау облысы бойынша сайлауға барлығы 103 674 адам қатысқан, бұл сайлаушылардың жалпы санының 75,48%-ы. Сайлау процесі облыстың 136 учаскесінде өтті.
Қазақстан Президентінің алғыс хаттарын қоғамның белсенді мүшелері, түрлі қызмет және сала өкілдері алды: Ұлытау облысының прокуроры Ж.Бақашбаев, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары М.Алтаев, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Битенова, Жезқазған жоғары медициналық колледжінің директоры М.Молдина, «Жезказганский вестник» газетінің фототілшісі В.Шавнев және басқалар.

Жақында ғана журналист, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Мақпал Орынбетованың белсенді қоғамдық қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталғаны белгілі. Сонымен қатар, салтанатты шарада облыс әкімі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Ұлытау облысындағы іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Айман Исинаға «Құрмет» орденін табыс етті.