Ұлытау облысының әкімі Б.Әбдіғалиұлы жылыту маусымының барысын тексерді

Облыс әкімі Б.Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен арнайы аппараттық кеңесте облыс әкімінің орынбасары Ұ.Үсенов 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымының барысы туралы баяндады.

Ұ.Үсеновтің ақпараты бойынша ағымдағы жылдың 27 қарашасында сағат 22:19-да Жезқазған қаласының ЖЭО №5 қазандық агрегаты радиациялық төбелік бу қыздырғыштағы фистула себебінен тоқтатылды. Қазіргі уақытта қазандық салқындатылып жатыр, мамандар қазандықтың төбесін жууға және ақауды анықтауға кірісті.

Сонымен қатар, жылумен жабдықтау мәселелері бойынша «Қазақмыс Энерджи» ЖШС бас директоры Т.Өтегенов, ЖЭО басшысы М.Алтыбаев, Жезқазған қаласының әкімі Қ.Шайжанов, Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Н.Қияшов, облыстың қалалары мен аудандарының әкімдері сөз сөйледі.

Қ.Шайжановтың мәлімдеуінше, ЖЭО №5 қазандық агрегатының тоқтауына байланысты жылу көзінде қызбау 20 градусты құрады. «Атмосфералық ауа температурасы -12 градус болғанда ЖТЭО – да жылу беру құбырында 71 градус және кері қарай 53 градус болды (бекітілген температуралық кестеге сәйкес тиісінше 91 және 54 градус болу қажет)»», – деп түсіндірді қала әкімі. Бұл ретте қала басшысы тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын және 28-нен 29 қарашаға қараған түні бұрын күрделі жөндеуде болған №6 қазандық агрегаты іске қосылатынын атап өтті. Осылайша, ертеңнен бастап жұмыста 4 қазандық болады (1 қазандық резервте). 15 желтоқсаннан бастап жоспарлы күрделі жөндеуден
№4 қазандықты шығару жоспарланып отыр, ол резервке қойылады.

Қазіргі таңда Жезқазған ЖЭО-ға көмір жеткізу тұрақтандырылды, отын қоймасында 115 558 тонна көмір және 1 413 тонна мазут бар.

Облыс әкімі жылумен жабдықтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есептерді тыңдап, бұл мәселенің тұрақты бақылауында екенін ерекше атап өтті. Б.Әбдіғалиұлы жиналғандардың назарын жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге және жылыту маусымының барысын қатаң бақылауға аударды. Жылу берудегі үзілістердің болу мүмкіндігін барынша жоюды, резервтік қазандықтарды қосу мәселелерін жедел шешуді және «Қазақмыс «корпорациясы» ЖШС-мен ЖЭО-дағы қазандық агрегаттарын жөндеуді пысықтауды тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі Жезқазған ЖЭО-сын тексеріп, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Оған Ұлытау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Е.Сатыбалдин, Жезқазған қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Б.Дайрабайұлы, Жезқазған қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі С.Оңғарбаева және БАҚ өкілдері қатысты.

Өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар бере отырып, 2022-2023 жылдардағы жылу маусымына дайындық аясында ЖТЭО-да жалпы сомасы 3 млрд 829 млн 460 мың теңгеге 6 қазандық агрегаты, 5 турбина, сондай-ақ жылу электр орталығының қосалқы жабдықтары мен құрылыстары жөнделгенін атап өтті (2021 жылы 3 млрд теңге, 2020 жылы-2,6 млрд, 2019 жылы-1,2 млрд теңге). Бұл тек ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары ғана емес, коммуналдық қызметтер №10 қазандық қондырғысын толығымен ауыстыруды жоспарлап отыр. Ол 2024 жылдан бастап пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, №8 қазандықты күрделі жөндеуді аяқтау жоспарлануда (2023 жылы пайдалануға беріледі).