Президент: «Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалуға тиіс»
Елден заңсыз шығарылған барлық активтер кері қайтарылуы тиіс. Үкімет бұл қаражатты мектеп, аурухана салу сынды маңызды әлеуметтік жобаларға жұмсайды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлықтау рәсімі барысында хабарлады.
«Келесі маңызды бағыт. Біз әділдікті қалпына келтіріп, елден заңсыз шығарылған барлық активті қайтаруға тиіспіз. Бұл үшін Үкімет заңсыз шығарылған капиталды қайтару үшін қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасын әзірлейді. Сонымен қатар заң жобасы әділетсіз баюға және активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін себептер мен шарттарды жоюға бағытталады.
Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қоямын. Жақын арада ауқатты кәсіпкерлер халықтың игілігі үшін өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін жандандырады деп ойлаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.