Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру ортақ мақсат екенін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлықтау рәсімі барысында елімізде шынайы демократиялық институттарды дамыту бағытында жұмыс атқару қажет екенін айтты. Бұл ұлттық сапаны қалыптастырып, тәуелсіздікті нығайта түспек.

«Енді біздің ортақ мақсатымыз – заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін Әділетті Қазақстанды құру. Қоғамды трансформациялап, Қазақстанды шынайы демократиялық институттары дамыған елге айналдыру үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, қастерлі тәуелсіздігімізді нығайтамыз.

Қазір біз осы қиын-қыстау жолдың басында тұрмыз. Алдымызда атқаратын жұмыс көп. Әрбір азамат елдің болашағы үшін өз жауапкершілігін сезінуге тиіс. Мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты – білім беру ісінен бастап индустрияландыруға дейін қоғамның барлық саласын жаңғырту. Еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің негізін жаңа технологиялар, жоғары еңбек өнімділігі, азаматтардың шығармашылық бастамалары құрайды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.