Доп додасы басталды
Қазір күллі əлемнің назары Катарда. Өткен жексенбіде мұнда аяқдоптан əлемдік дода басталды. Осы аптаның өзінде 4 жұп, яғни 8 команда өзара бақтарын сынасты. Өкініштісі, алаң иелері алғашқы кездесуде-ақ қарсыластарына 0:2 есебімен есе жіберіп алды. Аладоп додасы десе ішкен астарын жерге қоятын жандардың айтуынша, бұл əлем чемпионатының тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай екен. Қай бəсекеде болмасын алаң иелері бірінші ойынды жеңіспен аяқтап келіпті…
Тарих дегеннен шығады, биыл 22-рет өзінің жалауын көтеріп отырған əлем чемпионатына енді сегіз жылдан кейін тура бір ғасыр болады екен. Аталмыш доп додасы 1930 жылдан бері тұрақты түрде төрт жылда бір рет өтіп келеді. Екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан 1942, 1946 жылдары ұйымдастырылған жоқ. Қазірге дейін 8 құрама кубокті төбесіне көтерді. Олардың 5-уі Еуропада орналасса, 3-уі Оңтүстік Америка құрлығында.
Өздеріңізге мəлім, биылғы доп додасын өткізуге таңдау Таяу Шығыс аймағында орналасқан шағын мемлекетке – Катарға түсті. Елдің бар байлығы – мұнай, табиғи газ жəне балық аулау кəсібі. Соған қарамастан мемлекет үлкен бəсекеге белді бекем буып барып отыр. Ресми ақпараттар таратқан деректерге қарағанда дүбірлі доданы ұйымдастыруға өтініш берген уақытта елде небəрі бір стадион бар болған. Қазірге дейін жаңадан 7 стадион бой көтеріп, 100-ден аса қонақүй мен бірнеше шақырым жол салынды. Мəселен, «Хамад» əуежайы жаңадан бой көтеріп, əлем елдерінен келетін меймандарды қарсы алуда. Сонымен бірге бір қалада өтетін бірнеше кездесуді жанкүйерлер көру үшін метро желісі де іске қосылған жəне автомобиль магистралі де салынған.
Əлем чемпионатының өтуіне байланысты мемлекеттің астанасы Дохада мəдени іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланған. Соның негізінде, чемпионатқа арналған «Катара» атты мəдениет ауылы ашылған. Мұнда амфитеатр, жағажай, холлдар мен галереялар, бау-бақшалар, мейрамханалар, мешіт орналасқан. Мұнда халықаралық турнир аясында көрме, концерт жəне шеберхана тəрізді бірқатар іс-шара ұйымдастырылмақшы.
Сонымен, аладоп додасы десе алып-ұшып тұратын жанкүйерлер əлем чемпионатының əр күнін қалт жібермей қадағалауда. Аяғы жеткендер Катарға барып, елдегі стадиондарда ойын қызығын көріп жатса барып, жетпегендер қатардағылармен бірге көкжəшікке телміруде. Елді елеңдетіп отырған тағы бір ерекшелік бар. Біріншісі, доданың жайдары жазда емес, қаһарлы қыста өтуі. Өйткені Катар мемлекетінде жаз мезгілі тым ыстық болғандықтан Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) əлем чемпионатының өту уақытын өзгертіп, 20 қараша мен 18 желтоқтан аралығы бекітілген.
Екінші бір ерекшелік, Катарда жалауын көтерген дода араға 20 жыл салып Азия құрлығына қайта оралып отыр. Үшіншіден мұндай əлемдік бəсекені мұсылман елдері арасында Катар алғашқы болып өткізуде. Одан бөлек чемпионатқа 32 команда қатысу үрдіске айналса, енді келесі əлем чемпионатында ұлттық құрамалар саны 48-ге көбейеді. Демек, бұл доп додасы 32 құрама бақ сынайтын соңғы чемпионат болып тарихта қалатынымен де ерекшеленеді.
Байрақты бəсекелердің алғашқы күні тартысты ойындармен елді өзіне баурап алып жатыр. Биылғы Əлем чемпионатында жанкүйерлер Леонель Месси (Аргентина), Криштиану Роналду (Португалия), Килиан Мбаппе, Карим Бензема (екеуі де – Франция), Кевин де Брейне (Бельгия), Роберт Левандовски (Польша), Жуниор Винисиус, Неймар (екеуі де – Бразилия), Лука Модрич (Хорватия) сынды жұлдыздардың шеберліктеріне тағы бір мəрте куə бола алады. Жалпы, халықаралық жарыста топтық кезеңге жолдама алған 32 елдің аяқдопшылары бақ сынайтын болады. Олар жеребе бойынша 8 топқа топтастырылып, өзара кездесулер өткізеді. Олардың қатарында Бразилия, Португалия, Бельгия, Хорватия, Испания, Германия, Франция, Дания, Аргентина, Англия, Нидерланды секілді азулы құрамалар бар.
FIFA мəліметінше, Əлем кубогінің жүлде қоры – 440 млн. доллар. Жеңімпаз тұғырына көтерілген құрамалар бойынша бірінші орын алғандар – 42, екінші орынға көтерілгендер – 30, үшінші орын иеленгендер – 27 млн. долларға қол жеткізбек. Ал 4-орын иегері 25, 5-8 орын алғандардың əрқайсысы 17, 9-16 орын аралығында болғаны 13, 17-32 орындағылар 9 млн. доллардан алады.
Оған қоса Əлем чемпионатына жолдама алған елдерге турнир алдында дайындық үшін 1,5 млн доллардан берілген.
Халықаралық сарапшылардың 46 проценті Бразилия бас жүлдеден негізгі үміткер қатарына қосып отыр. Одан кейінгі орындарда Аргентина (15%), Франция (14%), Германия (7%), Англия мен Бельгия (5%) құрамалары тұр.
Сондай-ақ, букмекерлік кеңселердің болжамы бойынша да Бразилия (21%) – басты фаворит. Одан кейінгі кезекте Аргентина, Франция, Англия, Испания, Германия, Нидерланд, Португалия, Бельгия бар.
Топтық кезең 20 қараша мен 2 желтоқсан аралығында өтсе, 1/8 финал 3-6 желтоқсанда болады. Құрамалар ширек финал ойындарын 9-10 желтоқсанда өткізеді. Ал жартылай финал 13-14, 3-орын үшін ойын 17, финал 18 желтоқсанға белгіленген.