Мерейлі мереке шуағы
Еліміздің халық шаруашылығы саласының басты арқауы – ауыл шаруашылығы десек, артық айтпағанымыз. Халықты күнделікті сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы секторы маңызды рөл атқарады. Бүгінде еңбек адамдарына деген құрмет пен қошемет елімізде алдыңғы орында. Қазақстанда жыл сайын қараша айының үшінші жексенбісінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кəсіби мерекесі аталып өтіледі. Биыл да жылдағы дəстүр бойынша аудандық мəдениет үйінде аудан басшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ қатысуымен ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиынға кент, ауыл əкімдері, мекеме, кəсіпорын басшылары, аудан аумағындағы шаруа қожалығы иегерлері, еңбек майталмандары қатыстырылды.
Сəні мен мəні келіскен шара əуелі Ұлытау ауданына тиесілі кент, ауылдық округтегі шаруалардың дайындаған өнімдерінің көрмесін таныстырумен бастау алды. Жиынның ашылу салтанатында аудан əкімі Аманжол Мырзабеков ауыл шаруашылығы саласының өкілдерін кəсіби мерекелерімен құттықтады.
– Бұл мереке əр жерде еңбек ететін малшы шаруашылығымен, егін шаруашылығымен айналысатын əрі елімізді жəне өңірімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуде қажымай-талмай еңбек етіп жүрген ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің төл мерекесі.
Бүгінгі таңда аудан аумағында 1307 шаруа қожалықтары жұмыс жасайды. Солардың ішінде асыл тұқымды ірі қара мал өсіретін 8 шаруа қожалығы, асыл тұқымды қой жəне асыл тұқымды жылқы өсіретін ірі шаруа қожалықтары бар. Қазірде ауданымызда мал басының саны жылдан-жылға едəуір өсуде. Үстіміздегі жылдың 9 айында ірі қара мал басы 57095-ке жетсе, қой-ешкі 138841 басқа жетті. Ал, жылқы 47996 басты құрап отыр. Бұл əрине ауыл еңбеккерлерінің еңбегінің жемісі. Осы мерейлі мереке күні баршаңызға мықты денсаулық, күш-қуат, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, – деді аудан басшысы.
Құттықтау сөзінен кейін Аманжол Батырбекұлы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің төгілген тері мен өлшеусіз еңбегін еледі. Алдымен, Терісаққан ауылының шаруа қожалығының иегері Омарбек Өмірбеков пен Қаракеңгір ауылы шаруа қожалығының иегері Баттал Ахметжановқа ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын табыс етті. Бұдан кейін, түрлі аталым бойынша шаруа еңбеккерлерінің ерен еңбегі бағаланды. «Үздік асыл тұқымды шаруа қожалығы» номинациясымен – Дархан Сарыбаев (Қарсақбай кенті), «Үздік шаруа қожалығы» – Медет Ақшалов (Сарысу ауылы), «Үздік комбайнер» – Бауыржан Есенбеков (Егінді ауылы), «Үздік ветеринар» – Сансызбай Башанов (Егінді ауылы), «Үздік шопан» – Мұхиден Көжекбаев (Қоскөл ауылы), «Үздік бақташы» – Жақып Нұрмағанбетов (Мибұлақ ауылы), «Үздік жылқышы» – Марғұлан Шəкірұлы (Ұлытау ауылы), «Үздік диқаншы» – Ерлан Түсіпбеков (Ақтас кенті), «Үздік меценат» – Ерболат Жарасбаев (Ұлытау ауылы), осы азаматтар сол күнгі шарада құрмет биігінен көрінді.
Солармен бірге, Байқоңыр ауылы шаруа қожалығының иегері Берік Əділхан, Алғабас ауылы шаруа қожалығының иегері Сабырбай Байкенжин, Жезді кенті шаруа қожалығының иегері Қиясбек Əділбаев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Құрмет Тілеулинов – аудан əкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жиын барысында «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» заңды тұлғалардың жəне кəсіпкерлер қауымдастық нысанындағы бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша филиалының төрағасы Бауыржан Бегенов, «Қазақстан ассоциациясы» ауыл шаруашылығын қолдау жəне дамыту жөніндегі «Ұлытау» фермерлер қауымдастығының төрағасы Қуандық Түсіпов құттықтау лебіздерге үн қосып, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін мерекелерімен құттықтады. Аудандық ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары жəне ММ қызметкерлері кəсіподағының аудан бойынша өкілдігінің төрағасы Шаяхмет Үмбетов те ізгі тілегін арнап, бірқатар азаматтарды марапаттады.
Салтанатты шара соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Қайрат ЖҰМАБАЙ