Жезді кентінің ауруханасындағы жөндеу жұмыстары жалғасуда

Жезді кентінің ауруханасы облыстағы ең ескі ауылдық медицина нысандарының бірі. Оның құрамында кент тұрғындарына әртүрлі медициналық қызметтер көрсететін стационарлық бөлім, емхана және басқа да кабинеттер  жұмыс жасайды.

Аталған нысанның тозу жағдайы ескеріліп, биыл ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары басталды, аяқталу мерзімі – 2023 жылдың сәуірі.

Биыл ішкі және төбе жөндеу жұмыстары толығымен аяқталады. Жыл соңына дейін сыртқы әрлеу жұмыстары барынша жасалады, ал қалған көлемі мен аурухана маңайын аббаттандыру келесі жылы көктемгі жылу мерзімінен бастап жандандырылады.
Тапсырысты орындаушы мердігер ұйым «Иман» ЖШС.

Сонымен қатар, 2023 жылы аурухана құрамындағы зертхананың және физикалық кабинеттің қызметін қалпына келтіру үшін барлық қажетті жабдықтар, яғни 70-тен астам түрлі жабдықтар мен құралдар сатып алынады.

Кент тұрғындары аталған бөлімшелердің қызметтерін қазіргідей Жезқазған және Сәтбаев қалаларына бармай, сол жерден алатын болады. Сондай-ақ, стоматологиялық кабинеттің жабдықтарын жаңарту және осы медициналық мекемеде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында тағы басқа шаралар қарастырылған.

Аурухананың жөндеу жұмыстарының барысы Ұлытау облысы Денсаулық сақтау басқармасының тұрақты бақылауында.