Ауыл еңбеккерлері марапатталды

Бүгін аудандық мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы күні қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара өтті.

Аудан әкімі Мырзабеков Аманжол Батырбекұлы мереке иелерін құттықтап, алдағы қызметіне табыс еңбек тіледі.

— Құрметті ауылшаруашылығы және қайта өңдеу саласының қызметкерлері! Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ұлытау ауданының негізгі даму бағыты ауылшаруашылығы саласы екендігі белгілі. Бүгінгі күні аудан бойынша 1307 шаруа қожалықтары жұмыс жасайды. Ауданда 8 асылтұқымды ірі қара малын өсіретін, 1 асылтұқымды қой өсіретін, 1 асылтұқымды жылқы өсіретін шаруақожалықтары бар. Жыл өткен сайын мал басы да көбейюде. Үстіміздегі жылдың 9 айында ірі қара мал басы 57095 бас, қой-ешкі 138841 бас, жылқы 47996 басқа жетіп отыр. Осы мерейлі мереке күні Сіздерге дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді аудан басшысы.

Құттықтау сөзінен соң Аманжол Батырбекұлы марапаттау рәсімін жасады. Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын Терісаққан ауылының шаруа қожалық иегері Омарбек Өмірбек пен Қаракеңгір ауылының «Асыл тұқымды» шаруа қожалық иегері Баттал Ахметжановқа табыс етті. Аудан басшысы «Үздік асыл тұқымды шаруа қожалығы» Дархан Сарыбаев (Қарсақбай), «Үздік шаруа қожалығы» Медет Ақшалов (Сарысу), «Үздік комбайнер» Бауыржан Есенбеков (Егінді), «Үздік ветеринар» Сансызбай Башанов (Егінді), «Үздік шопан» Мұхиден Көжекбаев (Қоскөл), «Үздік бақташы» Жақып Нұрмағанбетов (Мибұлақ), «Үздік жылқышы» Марғұлан Шәкірұлы (Ұлытау), «Үздік диханшы» Ерлан Түсіпбеков (Ақтас), «Үздік меценат» номинацияларына Ерболат Жарасбаев (Ұлытау) ие болды. Сондай-ақ, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен Байқоңыр ауылы шаруа қожалық иегері Берік Әділхан, Алғабас ауылының шаруа қожалық иегері Сабырбай Байкенжин, Жезді кентінің шаруа қожалық иегері Қиясбек Әділбаев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Құрмет Тілеуленов марапатталды.

Бұдан кейін «Қазақстан фермелер қауымдастығы» заңды тұлғалардың және кәсіпкерлер қауымдастық нысандағы бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша филиалының төрағасы Бауыржан Бегенов пен «Қазақстан Ассоциациясы» ауыл шаруашылығының қолдау және дамыту жөніндегі «Ұлытау» фермерлер қауымдастының төрағасы Қуандық Түсіпов жылы лебіздерін білдіріп, марапаттау рәсімін жалғастырды. Сонымен қатар, «Аудандық ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары және ММ қызметкерлері кәсіподағының» аудан бойынша өкілдігінің төрағасы Шаяхмет Үмбетов бірнеше азаматты марапаттады.

Мерекелік шара барысында кент, ауылдардың ауылшаруашылығы күніне арналған көрмесі қойылып, көрмемен таныстыру жұмыстары жүргізілді.

Соңы аудандық мекеме, бөлімдер мен жергілікті өнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарламасымен тәмамдалды.