Өрт қауіпсіздігі – өзекті мәселе

Бүгін Ұлытау облысының әкімі Б.Әбдіғалиұлының төрағалығымен Ұлытау облысында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының алғашқы отырысы өтті. А.ж. 18 қазанда облыс әкімі аталған Комиссияның қаулысын бекіткен болатын.


️Отырыста төтенше жағдайлардың өзекті мәселелері мен 2022 жылғы өрт қауіптілігі кезеңінің нәтижелері қаралды. Атап айтқанда, жиналғандар орталық өрт байланыс бекеттерінен өрт ахуалына мониторинг жасау үшін биік ғимараттарда бейне бақылау камераларын монтаждау және қосу, ерікті өрт сөндірушілерге берілетін преференциялар тізбесін және оларды іске асыру тетігін жасауды талқылады.

Ұлытау облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Е.Байыровтың ақпараты бойынша өңірде төтенше ден қоюдың барлық жүйесінің қысқы кезеңге дайындығы жөнінде жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Қыс қарсаңында  тұрғындармен ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жылу маусымына дейін өрт қауіпсіздігінің айлығы өтті. Хабарлама жіберу арқылы тұрғындарды хабардар ету белсенді жүргізілуде, жабық жолдар туралы ақпарат  «ДАРМЕН» қосымшасына жүктеледі.
Облыс аумағында 330 адам мен 97 түрлі техника дайындалды. Таяуда Жезқазғандағы апаттық-құтқару  жұмыстарын тұрақты түрде МИ-8 вертолеттары орындайтын болады.

Сондай-ақ ТЖД бастығы өртке қарсы қызмет жоқ елді мекендерде 11 өрт бекеті (Ұлытау ауданында – 8,  Жаңаарқа ауданында – 3) салынғанын айтты. Сонымен қоса, елді мекендерде 425 адамнан құралған 65 өртке қарсы ерікті бөлімшелері құрылған. Оларда 30 техника, 20 мотопомпа мен 175 ілмелі өрт сөндіргіш бар. Облыс тұрғындары өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайларда қолданылатын 14 бірлік арнайы техника, оның ішінде  дөңгелектері бар барлық жерде жүретін ТРЕКОЛ көлігі дайындалды.

Өңір басшысы тиісті қызметтер басшыларын ең алдымен тұрғындарға қысқы төтенше жағдайдағы қауіпсіздік ережелерін үйретуге, тұрғындарға төтенше жағдай мен қолайсыз ауа-райы туралы уақытылы хабарлауға шақырды. Сондай ақ, Б.Әбдіғалиұлы республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардағы қар құрсауында қалатын жерлерді анықтау, қауіпсіздік шаралары мен арнайы техниканың
дайындығын қамтамасыз ету және т.б. бойынша бірқатар тапсырма берді.