Қызылорда облысында 482 934 адам сайлаушылар тізіміне енгізілді

Қызылорда облысында 482 934 адам сайлаушылар тізіміне енгізілді. Бұл туралы өңірде ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның қатысуымен өткен көшпелі семинар-кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ОСК сайтына сілтеме жасап.


Қызылорда облысы әкімдігі аппаратының басшысы Ш. Байманов облыста комиссияның 2 710 мүшесі жұмыс істейтінін хабарлады.

Айтуынша, облыс бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлаушылардың жалпы саны – 482 934 адам. 30 қазанында сайлаушылардың тізімдері сайлау учаскелеріне берілді, 4 қарашадан бастап тізімдер азаматтарға танысуға ұсынылды.

Өз сайлау учаскесін нақтылау мақсатында азаматтар Call-орталыққа қоңырау шалып, сайлаушылар тізімінде өздерін тексеру жөніндегі saylau.orda.gov.kz сервисті пайдалану мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, Telegram-бот (sailau_kzoBot) және «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы арқылы сайлаушылар тізімін тексеру мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңда 12 мыңнан астам сұраныс түсті.

Халықты сайлау туралы кеңінен ақпараттандыру мақсатында өңірлік теледидарда бейнероликтер, облыс аумағында баннерлер орналастырылды, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдар жарияланды.

Облыстық сайлау комиссиясы барлық аудандарда және Қызылорда қаласында комиссияның 800 мүшесі үшін оқыту курстарын ұйымдастырған.

Бүгінгі таңда өңірде 31 мыңнан астам мүгедек адам тіркелген, олардың 20 071-і сайлауға қатысуға құқылы. Барлық сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдардың кіріп-шығуы үшін жағдайлар жасалған. Аудандарда және Қызылорда қаласында құрылған мониторингтік топ объектілердің толық бейімделуін зерделеу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, сайлау кезінде мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау үшін 32 инватакси қызметі жұмыс істейді.