Басты мақсат – сапалы қызмет
ҚР Мемлекетік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Əдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Мұхтар САБАЕВ жұмыс сапарымен ауданымызға келді. Екі күнге созылған сапар шеңберінде қадірлі мейман аудандағы əлеуметтік нысандарда, мемлекеттік мекемелерде болып, жұмыс барысына баға берді.
Департамент басшысының орынбасары əуелі аудандық мемлекеттік қызметшілермен кездесті. Жиынды аудан əкімі Аманжол Мырзабеков жүргізіп отырды. Кездесуде Мұхтар Жанəбілұлы елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды оңтайлы жүзеге асыруда департамент алдында тұрған бірқатар мəселені баяндады.
Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің басым көпшілігі өңірлерде ұсынылатынын ескере отырып, оларды тиімді əрі сапалы жүзеге асыру қажеттігін алға тартты. Бұдан бөлек, ол «мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртудың басты мақсаты – «халық үніне құлақ асатын мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» екендігін атап өтті. Сондай-ақ, қоғам тарапынан сынға ұшырайтын қылықтарға, мемлекеттік аппараттың абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін əрекеттерге жол бермеуге шақырды.
Жиын барысында Мұхтар Сабаев ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департамент басшысы, Əдеп жөнідегі кеңес төрағасы Б.Ахметовтың Алғыс хатымен «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының қызметкері Қымбат Мағзұмованы марапаттады.
Бұдан кейін меймандар аудан орталығындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық жұмыспен қамту орталығы, ауыл əкімдігі ғимаратына барды. Онда мекемелердің халыққа көрсететін қызмет түрлеріне назар аударып, бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмыс барысын бағамдады.
Орайы келгенде айта кетейік, аталған нысандарда жергілікті тұрғындарға жаңашыл технологияларды қолдануға баса ден қойылған. Электронды үкімет, яғни, «e-gov» арқылы жұмыс жүргізілуде.
Мекеме басшыларының жұмысына қаныққан департаменті басшысының орынбасары қызмет барысын оңтайландыру бойынша бірқатар мəселелер тақырыбында сөз қозғады. Сонымен қатар, аудан əкімдігінде мемлекеттік қызмет көрсету сұрақтары бойынша азаматтарды жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді.
Сапар барысында Мұхтар Жанəбілұлы Ұлытау ауданы Қарсақбай кентіндегі агротехникалық колледжінің студенттерімен кездесу өткізді.
Ұлытау ауданына жұмыс сапары аясында департаменті басшысының орынбасарымен бірге ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Асхат Қасымберкебаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Дамира Алтайбаева, аудан əкімі аппаратының бөлім басшысы Ғабиден Дүкембаев, аудандық мəслихат депутаты, Департамент жанындағы мемлекеттік қызметтер көрсету мəселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі Эльмира Ершұманова болды.
Жасұлан АЯШЕВ