Шуақты кездесу
Ұлытау ауданының жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің дербес мекеме болып құрылғанына 30 жыл толуына орай əлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері кəсіби мерекесі аясында ардагер əріптестерін дөңгелек үстел басындағы кездесуге шақырды.
Үстел басында Аманжол Мырзабеков əлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады.
– Əлеуметтік қызметкер күні – өзінің саналы ғұмырын мəртебелі жəне жауапты қызметке арнаған, өзінің мұң-мұқтажына бей-жай қарай алмайтын жандардың мерекесі. Бұл қызмет – риясыз мейірім мен адалдықты, жан жылуы мен жанашырлықты қажет ететін мамандықтардың бірі. Сіздер қарттарымыз бен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау білдіріп, жастарымызға жəне көмекке мұқтаж барлық жандарға үміт сыйлап, қамқорлық жасап, біздің қоғамымыздың гүлденуіне атсалысып келесіздер. Біз Сіздердің ел алдындағы осынау еңбектеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз, – деді Аманжол Батырбекұлы.
Құттықтау лебізінен кейін аудан əкімі мереке иелерінің еңбегін еледі. Ұлытау ауданының Құрмет грамотасымен – Жезді кентінің əлеуметтік сала ардагері Күлпаш Жақыпбекова мен аудандық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің атаулы əлеуметтік көмек жəне тұрғын-үй көмегін тағайындау маманы Жангүл Өмірбаеваны марапаттады. Сондай-ақ, шара барысында бірқатар қызметкерлер аудан əкімінің Алғыс хатына да ие болды. Марапатталғандардың қатарында Жезді кентінің əлеуметтік қызметкері Лиза Қостаева, аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары Жасұлан Түсіпбеков пен Жаңагүл Бекмағанбетова, аудандық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Бекзат Амантаева, аудандық жұмыспен қамту орталығының атаулы əлеуметтік көмек тағайындау кеңесшісі Гүлнəзия Құрманбаева жəне аудандық жұмыспен қамту орталығының атаулы əлеуметтік көмек тағайындау ассистенттері Сандуғаш Мусина, Медет Базылов бар. Бұдан кейін ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары жəне ММ қызметкерлері кəсіподағының аудандағы төрағасы Шаяхмет Үмбетов Қарсақбай кентіндегі əлеуметтік қызметкер Анар Мəменованың кеудесіне ІІІ дəрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін тақты.
Мереке аясында жылы лебіздер де əдемі өрілді. Сала ардагерлері Əлімбек Жандарбеков, Күлпаш Жақыпбекова, Күлзия Омарбекова өздері еңбек еткен жылдардағы оқиғаларын еске түсіріп, əлеуметтік сала мамандарының жұмысы жайлы əсерлі əңгіме өрбітті. Əңгіме барысында аталған мамандықтың қыр-сыры ашылып, əдеп ұстанымдары хақында өнегелі тұжырымдар жасалды.
Мекеме басшысы Айна Əбілова да ізгі лебіздерге үн қосып, əріптестерін мерекелерімен құттықтады. Сала қызметкерлерінің жұмысын ортаға салып, жеткен жетістіктерін тілге тиек етті. Оның айтуынша, əлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен жұмыспен қамту орталығындағы 50-ге жуық қызметкер аз қамтылған отбасыларға, мүгедектерге, зейнеткер жасындағы тұлғаларға, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарға, соғыс жəне тыл ардагерлеріне, Батыр аналарға, жұмыссыздарға жəне тағы басқа əлеуметтік көмекті қажет ететін азаматтарға мемлекеттік негізде қамқорлық жасайды екен. Осыған қарағанда бұл мамандық иелері жұмысының есігі бір жабылмайтыны көрініп тұр. Табалдырығын бұйымтайын айта барған бұқара тоздыратын сияқты. Ендеше, алғыс алуға тиісті мамандар санаулы десек, соның бірі жəне бірегейі – əлеуметтік қызметкер екенін ел білуге тиіс. Біз оны сол күнгі шарада көзіміз жеткен соң айтып отырмыз. Мұны əлеуметтік қызметкерлердің, сала ардагерлерінің шуақты кездесуде айтқан əсерлі əңгімелерінен байқадық. Жан жадыратар жарқын кездесуде сала ардагерлері де құрметтеліп, аудандық əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Құттықтау хаты тапсырылды. Ал, шараның ажарын жергілікті өнерпаздар əн-күймен əспеттеп отырды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ