Ұлттық мереке ұлықталды
Аудандық мəдениет үйінде ұлытаулықтар Республика күнін атап өтті. Жиынға облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ арнайы қатысты. Ашылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы аудан жұртшылығын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады. Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жарлығына сəйкес мемлекеттік жəне қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің əлеуметтік-экономикалық жəне мəдени дамуына, халық арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар тұлғаларға мемлекеттік наградаларды табыстады.
Алдымен «Құрмет» орденін «Бекетай-баба» шаруа қожалығының басшысы Бағдат Бекетаевқа табыс етті. «Ерен еңбегі үшін» медалін аудан əкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов пен Мəкен Төрегелдин атындағы тау-кен жəне балқыту ісі тарихы музейінің директоры Зейпін Қазанбаеваға табыстады. Аудандық, аумақтық инспекциясының басшысы Светлана Владимирқызының өңіріне «Бірлік» алтын медалін жалтырата тақты. Сонымен қатар, облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны жəне əлеуметтік экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен – Шеңбер ауылдық округінің əкімі Сағат Сұлтанов, Ұлытау ауылдық округінің əкімі Талғат Əбжаппаров, Қоскөл ауылдық округінің əкімі Қалдыбек Кəкімжанов, аудандық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің кеңесшісі Эльмира Адамбек, аудандық көпсалалы коммуналдық шаруашылық кəсіпорнының директоры Данабек Нұғыманов «Таң нұры-2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, аудандық мəслихаттың депутаты Қалыбек Өтенов марапатталып, құрмет биігінен көрінді. Ал, өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосқаны үшін ұсынылатын «Ұлытау ауданының Құрметті азаматы» атағы сарысулық Жамсап Əшеновке, аманкелділік Жақыпбек Дайыровқа, ұлытаулық өлкетанушы Бақтияр Қожахметовке берілді. Бұл қуаныш иелеріне Ұлытау ауданының əкімі Батырбек Мырзабеков пен аудандық мəслихат хатшысы Ахат Құрмансейітов құттықтау лебізін білдіріп, арнайы куəлік пен төсбелгісін тапсырды.
Бұдан кейінгі құттықтау легін аудандық ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары жəне ММ қызметкерлері кəсіподағының аудандағы төрағасы Шаяхмет Үмбетов жалғастырып, Ұлытау ауылының еңбек ардагері Əділбек Балдуовтың кеудесіне «Құрметті ардагер» төсбелгісін, аудандық «Ұлытау» газетінің тілшісі Ізтай Бейсенбаевтың омырауына ІІ дəрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін тақты.
Салтанатты жиын аяқталғаннан кейін көрермен назарына жергілікті өнерпаздар əзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылды. Мəні мен салмағы келіскен концерттің көрігін «Ұлытау сазы» фольклорлық ансамблі қыздыра түсті. Бұдан кейін де концерттің тыңдарманға ерекше рух беретін тамаша тұстары көп болды. Əсіресе, Ерден Шəкарманның орындаған «Рахмет саған – туған ел!» əні өнерсүйер қауымды еріксіз тамсантты. Жезтаңдай əнші Əйгерім Əубəкірова шырқаған «Меруерт моншақ» əні де көпшіліктің көңілінен шықты. Сахна сəнін келтірген бишілер тобы да əсем қимылымен көрерменнің көзайымына айналды.
Қысқаша түйіндегенде, сол күнгі шара Республика күнінің мəртебесін асқақтатып, айшықты əлемін əспеттей түсті.
Қайрат ЖҰМАБАЙ