Еңбегімен елге құрметті

Мұғалім – мамандық атаулының төресі. Оның берген білімі мен тəрбиесі өмірдің шамшырағы іспеттес. Əрдайым шəкірттерін білім əлеміне жетелеп, жол сілтейтін мұғалім. Менің кейіпкерім Зəуреш ТЫНЫСОВА да білім саласында 36 жыл еңбек еткен ұлағатты ұстаз. Бала жанының бағбаны атанып, біліктілігімен көзге түскен бұл əріптесімнің өмір белестері көпке үлгі боларлықтай десем артық айтқандық емес. Ол Жаңаарқа ауданының тумасы, Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтының түлегі.

Бүгінгі күні Ж.Жабаев атындағы №15 Қарсақбай Тірек мектебінде қазақ тілі мен əдебиет пəнінен сабақ береді. Əрдайым сабақтарын түрлендіріп отыруға құмар мұғалім оқушылардың сапалы білім алуына көңіл бөліп келеді. Əдістеме түрлерін терең меңгергендіктен, жан-жақты дамуына мүмкіндік туғызу үшін білім берудің озық технологиялық əдіс-тəсілдерін сабақта жетік қолданады. Əр сабағына үнемі жауапкершілікпен қарайды. «Оқу сауаттылығы», «ЭССЕ жазып үйренеміз» курсы бойынша оқу бағдарламалары, əдістемелік кешендері бар. Осының нəтижесінде шəкірттері ҰБТ-да жоғары көрсеткішке иеленді.

Бүгінде Зəуреш Игенбайқызының оқушылары аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, мектебіміздің мақтанышына айнала бастады. Атап айтсақ, 11 сынып оқушысы Гүлнəз Жолдыбай Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен əдебиет пəні бойынша өткен оқушылардың республикалық олимпиадасында үшінші орынға иеленді. Одан кейін облыстық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасында бірінші орынға қол жеткізді. Облыстық Мəшһүр Жүсіп байқауында үшінші орынды еншіледі. Сол сияқты 6 сыныптағы шəкірті Айгерім Төкеш ҚР ОҚШҒА елуінші ғылыми-практикалық конференция аясында өткізілген облыстық бірінші деңгейлі оқу зерттеу жұмыстары байқауында үшінші орынды иемденді. Тағы бір сүйікті шəкірті Аружан Тұрысбек аудандық «Абай оқуларында» бірінші орынды қанжығасына байлады. «Жыр алыбы – Жамбыл» байқауында 9 сынып оқушысы Анель Əнуарбек екінші орын, Айгерім Төкеш үшінші орыннан көрінді. Жалпы, білім беретін пəндер бойынша ғылыми жоба байқауында Айсұлу Жеңсікбаева мен Аружан Тұрысбекова топ жарды.

Міне, осындай шəкірттеріне қазіргі заман сұранысына сай сапалы білім беріп отырған Зəуреш мұғалімнің еңбегі орасан. Оның адалдықты өміріне арқау еткен ұстаздық еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Кəсіби шеберлігі жоғары жаңашыл ұстаз ретінде аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «Фариза оқулары» мен республикалық «КАТЕҮ» қазақ тілі олимпиадасының ұйымдастырушыларының Алғыс хаттарына иеленді. Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігінің Алғыс хатын алды. Зəуреш мұғалім тек қана оқушыларының алдында ғана емес, мұғалімдер арасында да зор беделге ие. Ол əрдайым кішіпейіл де қарапайым мінезімен əріптестерінің ортасында сый-құрметке бөленіп жүрген өнегелі ұстаз.

Жұлдыз ШАЛҒЫНБАЕВА,

Ж.Жабаев атындағы №15 Тірек мектебі директорының ғылыми іс жөніндегі орынбасары.