Аудан тарихы – елдіктің шежіресі

Қазан төңкерісінен кейін үкімет басына қызылдар келді. Олар қынынан қылышын суырып, қазақтың апшысын қуырып, адамның қанымен жуына келді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен халықтың күн көрісін тартып алып, 1932-1933 жылдары үш миллионнан астам қазақты жалмаған алапат ашаршылыққа ұшыратты. Бұл сойқан 1937 жылғы қуғын-сүргінге ұласып, елдің бетке ұстар азаматтарын ұстап, «халық жауы», «ұлтшыл», «Жапонияның тыңшысы» деген жалған жаламен атты, Барсакелмеске жер аударды.

Ұлытау өңірінен Тайжан Қалмағанбетов, Құрмансейіт Баймағанбетов, Қожахмет Байболов, Баттал Мəдиев, Хамзе Кəдірбеков, Əбдіманап Үкібаев, Шубай Қазанғапов сияқты арыстарымыз жалған жаланың құрбаны болды. Осындай алапат апат сəл саябырлаған кезде 1939 жылы 18-қазанда Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің указымен Қарсақпай ауданына қарап келген Ұлытау өз алдына аудан болып құрылды. Бұл указға жерлесіміз Алғабас ауылының тумасы, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі президиуымының төрағасы Əбдісамат Қазақбаев қол қойған.

1939 жылы қараша айына белгіленген партия конференциясы белгісіз себеппен өтпей қалып, ол 1940 жылы 21 ақпанда қырық сегіз делегаттың қатысуымен өтіп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Аманжол Нұрманов, аудандық атқару комитетінің төрағасы болып Н.Мамаев, аудандық партия комитетінің жəне аудандық кеңестің құрамы сайланды. Аудандық газеттің редакторы болып Жұмабек Кетіков сайланды.

Сол кезде ауданда 23 ұсақ ұжымшар, 8 селолық, 1 поселкелік кеңес болған. Оларда 1779 үй, 8780 адам, оның 3200- сы жұмысқа жарамды болған. Бұл елдің үрейден əлі арыла алмай жүрген кезі еді. Десекте, сəл де болса естерін жия бастаған. Осы кезде фашисттер сұрапыл соғысты бастап ел азаматтары майданға аттанып, ауылдың ауыртпалығы қалтылдаған қарттар мен азаматтары майданға кеткен əйелдерге, əлі бұғанасы бекіп, буыны қатпаған балаларға түсті. Таң біліне жұмысқа кеткен əйелдер мен қарттар түн ортасына дейін еңбек етті. Ауылда қалған қарт əжелер əрқайсысы екі-үш үйдің балаларына ие болып, тамақтарын дайындап қоятын. Сол кездегі адамдардың бауырмалдығы өте күшті болған. Жас баласы бар əйелдер құндақтағы балаларын жұмысқа алып барып, көлеңкеге жатқызып қойып, жұмыс істеді. Соғыстан ауыр жараланып, бір аяғынан, бір қолынан айырылып келгендер, жараларынан қан тамшылап тұрғанына қарамастан еңбек майданы жауынгерлерінің сабына тұрып, қос балдақпен жүріп қолдарынан келген жұмыстарын атқарды. Əжелеріміз жылы киімдер тігіп, қолғаптар тоқып, майдандағы жауынгерлерге жіберіп отырды.

Сол бір адам төзгісіз ауыр кезеңнің өзінде үздік еңбек көрсеткішіне жеткен Түсіпбек Меңдібаев, Тоқберген Ахметовтер Социалистік Еңбек Ері атағын алса, Есмағамбет Шопатов, Золотой Бегимовтер Ленин орденімен марапатталды. Сол кезде еңбек еткен аталарымыз бен асыл аналарымыздың бəрін еңбек ері деуге болады.

1945 жылы Ұлы отан соғысы жеңіспен аяқталып, фашистер өз үңгірінде талқандалды. Ұлытау өңірінен майданға аттанған 8650-ден астам боздақтардың үштен бірі ғана тіпті одан да азы кем-кетік, мүгедек болып елге оралды. Олар жандарын сыздатқан жарасына қарамастан халық шаруашылығын қалпына келтіруге өздерінің мүмкіндіктерінше үлес қосты. Олардың қатарында Дəуренбек Үсенов, Кенжебек Андағұлов, Есмағамбет Бекмағамбетов, Кəрібай Найманбаев, Бексейіт Есмаханов, Мұса Есімбаев, Арғынғазы Балмағамбетов, Жəкеш Əбішов, Бекентай Сыздықов, Көпей Нұржанов, Ахметжан Кенжеболатов, Иген Əділбеков, Нұра, Хасен Достановтар, Алтай Омаров, Зейнел Ыдырысов, Ниязғали Жөкенов, Ибаділдə Қыдырбеков тағы да басқалары бар.

1957 жылы ұжымшарлар, кеңшар болып құрылды. Бұл кезде жетімдер жетіліп, ауданның əлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға белсене кірісті, ауданның шаруашылығы қарқынды дамыды.

1962 жылы Ұлытау ауданы жабылып, Жезді ауданының құрамына кірді. Араға он жыл салып алғашқы аудан болғандағы құрамында 1972 жылы Ұлытау ауданы қайтадан ашылды. Аудан негізінде мал шаруашылығымен шұғылданды. 1976 жылы Терісаққан, Урожайный екі егін совхозы құрылып, ауданның ауқымы кеңейе түсті. 1920 жылы аудан көлемінде небəрі 20 мыңдай қой-ешкі, 6 мыңдай ірі-қара, мыңнан аса жылқы ғана болса, 1980 жылдары 252431 қой, 8595 ірі-қара, 4497 жылқы болды. Аудан алғашқы құрылғанда 1711 гектар жерге егін салса, 1980 жылдың аяғына қарай 59300 гектарға егін салынып мол өнім алды. Бұл кезде өгіз арбаның орнын тіркелмелі қуатты тракторлар, қол орақтың орнына алып комбайндар, аттың орнын автомашиналар алмастырған. Ауданнан Бəкен Мышанов, Мыңбай Берденов Социалистік Еңбек Ерін алса, Əбіш Сұлтанов, Құрманəлі Əбілғазин, Қалдыбек Орынбаев, Науқанбек Шомановтар «Ленин», «Еңбек қызыл ту», «Октябрь революциясы» ордендерімен марапатталған. Басқа да ондаған озаттар ордень, медальдар алды. Бүгінде олардың даңқты істерін ұрпақтары жалғастыруда.

Еліміз егемендік алып, Тəуелсіз мемлекет болған 30 жылдың ішінде Ұлт Ұясы – Ұлытау əлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамып, биік жетістіктерге жетіп келеді.

Біздің халқымыз алапат ашаршылықты, саяси қуғын-сүргінді, сұрапыл соғысты бастан өткерді. Осындай адам төзгісіз ауыр кезеңде жазықсыз саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған жерлестеріміздің, сол бір қиын кезеңде одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруде үздік еңбек көрсеткіштеріне жетіп Социалистік Еңбек Ері атақтарын алғандардың, «Ленин», «Еңбек қызыл ту», «Октябрь революциясы» ордендерімен марапатталғандардың есімдерін жазып ескерткіш қойылса. Бұл марқұмдардың рухына көрсетілген зор құрмет, ұрпаққа мұра, үлгі-өнеге болып қалар еді. Бұған қалталы жерлестеріміз, шаруа қожалықтары, кəсіпкерлер, марқұмдардың ұрпақтары демеуші болса бұл нағыз игілікті іс болар еді.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,

 Ұлытау ауданының Құрметті азаматы,

Қазақстанның Құрметті журналисі.