Астықты алқаптарда қызу еңбек
Қыркүйектің басы «қызулы» болып басталғанымен уақыт өте келе күздің салқыны да сезіле бастады. Бұл қырдағы қызу еңбектің бірі де бірегейі – егін орағы науқанын жинақы əрі тез арада аяқтауды да меңзегендей…
Осыны сезген ауданның диқандар қауымы қазір астықты алқаптарды қызу еңбекке бөлеген. Олар уақытты тиімді пайдаланып, табиғаттың берген ырзығын ысырапсыз жинап, бастырып алуға күш салуда.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметін уақытша атқарушы Қайрат Сакиповтың берген ақпараттарына қарағанда биылғы жылы тұқым сіңірілген егістік алқаптың жалпы көлемі 26,0 мың гектарды құрайды екен. Аудан диқандары қазір егін ору жұмыстарын қызу бастап, осы алқаптың 16100-ы орылып, бастырыпты. Əзірге əр гектардан орташа түсімі 8-10 центнерді құрайды. Алқаптың орта тұстарында егіннің бітік шыққаны байқалады. Əдеттегідей, шеткері аймақты «шиырлап» алғаннан кейін дала кемелері штурвалдарын ортадағы тұныққа бұрмақ.
– Дала жұмыстары негізінен техниканың күшімен атқарылады ғой. Биылға егін орағына аудан бойынша 45 комбайн, 46 автокөлік қатысуда. Оларға қажетті жанар-жағар май да шешілген. Жылда, үкімет тарапынан бюджеттен қаржы бөлініп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге күзгі дала жұмыстарына арзандатылған жанар-жағармай бөлінеді. Бұл жұмыстар биыл да қолға алынды. Шаруашылықтарды дизель отынымен қамтамасыз етуші оператор «Retail Trade Oil» ЖШС болып танылды. Аталмыш серіктестік ауданға қажетті жанар-жағар майды жеткізіп беріп отыр. Диқандар егін ору жұмыстарын уақытылы əрі сапалы жүргізу үшін 510 тонна жанар-жағармай бөлінген еді. Оны əр шаруа қожалықтары литрін 210 теңгеден алуда, – дейді Қайрат Сакипов бізбен əңгімесінде.
Аудан бойынша 2022 жылға көктемгі егінге қажетті 2600 тонна тұқым дайындалған болатын. Оның сапасын «КазАгрэкс» акционерлік қоғамы анықтап, сараптап берген.
Аудандағы астықты алқабы өзгелерден анағұрлым үлкен Қаракеңгір ауылына қарасты «Бекетай баба» шаруа қожалығы. Аталмыш қожалықтың диқандары жыл сайын мол астық бастырып, елдің ырзығын молайтуға өз үлестерін қосып келеді. Биыл да «Бекетай баба» қожалығы күзгі жиын-терінге жан-жақты дайындықпен келіп отыр. Олар биыл «Жер» ЖШСнан 25 тонна «Айна» элита бидай тұқымын сепкен екен. Нəтижесін орақтың аяқталуы көрсетеді деп отыр.