Көктеммен сәлемдесу
Көктем, көктем, Гүл-Көктем, аманбысың?!
Қандай хабар айтады маған құсың?
Ақ жаңбырың ұқсайды көз жасыма,
Мені қатты сағынған Анамбысың?
Көктем, көктем, Нұр-Көктем, қалың қалай?
Жеткіземін жастықтың әнін қалай?!
Тәнім тәтті кешіңді аңсап жүр ғой,
Жаным жұпар иісіңді сағынғаны-ай!
Көктем, көктем , Жыр-Көктем асықпаған,
Күткен сайын кешігіп, қашықтаған.
Ақындардың бәрі де ғашық саған,
Адамдардың барлығы асық саған.
Көктем, көктем, ал, Көктем төрлет деймін,
Әуеніңмен әдемі тербет деймін.
Сен келмесең, мен саған бара алмаймын
Сен кетпесең, жаныңнан мен кетпеймін.
Көктем, көктем, бұл көктем – басқа көктем,
Басқа көктем екенің, рас па көктем?!
Менің «ТАҒДЫР»-дейтұғын дәптерімнің,
Өзің жаңа беттерін баста Көктем!..
Мұқағали СЕЙТҚАЗЫ.