Күн тәртібінде – өзекті мәселелер
Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Бірқатар өзекті мәселелер қаралған алқалы жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ қатысты.
Алғашқы кезекте аудан басшысы орын алған кадрлық өзгерістерге байланысты аудан активіне өзінің жаңадан тағайындалған орынбасары Жомарт Бегаевты, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Болатбек Есназаровты, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Кареновты және аудандық орталық аурухананың директоры Жұмаш Баймұратовты таныстырып, алдағы қызметтеріне жемісті еңбек тіледі.
Бұдан кейін мәжілісте алдағы жылу беру маусымына дайындық жайы мен санитарлық тазалық жұмыстарының деңгейі туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақтияр Пардабеков хабарлама жасады.
Қысқы мал азығына жемшөп дайындау көрсеткіші хақында аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллин баяндады.
Жаңа оқу жылына дайындық барысы жайлы аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов хабарлама жасады.
Қаржының игерілуі жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин мәлімдеді.
Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл қою, соған орай, екпе салу жұмыстарына қатысты аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Ерлан Танабаев ақпарат берді.
Күн тәртібіндегі сауалдардың бәрі сараптамалық тұрғыда талқыланып, нақты міндеттер белгіленді.Жиынды қорытындылаған Советбек Медебаев аудандағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын ширату қажеттігіне ерекше мән берді. Ол сондай-ақ, қоқыс төгетін полигондардың құжаттарын рәсімдеуді жеделдетуді тапсырды. Ауызсу құбырын, электр желілерін ретке келтіру жөнінде орынбасары Жомарт Бегаевқа нақты тапсырма берді. Аудан басшысы шөп бағасын тұрақтандыру жайын атап өтіп, осы бағытта кенттер мен ауылдық округтер әкімдеріне жергілікті шаруа қожалықтарымен бірлесе отырып, жұмыс жүргізуді жүктеді. Сондай-ақ, індеттің таралуының алдын алуға байланысты түсіндірме жұмыстарын, оның ішінде, екпе алуды ширатуды міндеттеді.
Жиын түйінінде аудан басшысы тиісті тұлғаларға төтенше жағдайларға жол бермеуге байланысты жұмыстарды ұтымды ұйымдастыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
Өз тілшімізден.