Бірлесе көтерген жүк жеңіл

Жергілікті халық алдындағы есеп беру кездесу Қарсақбай, Ақтас кенттерінде жалғасты. Оған аудан әкімінің орынбасары Мақсұт ОСПАНОВ, тиісті аудандағы мекеме, бөлім басшылары және кент тұрғындары қатысты.

Алдымен, Ақтас кентінің әкімі Дулат Сүлейменов жылдық жұмысты баяндап, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті. Сәтін салса, биылғы жылы Ақтас пен Пионер ауылы арасындағы 18 шақырым жолға 9 суағар орнату жоспарда бар екен. Сонымен қатар, Ақтас кентіндегі ауызсу мұнарасы күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен. Қатысу бюджеті арқылы Ақтас кентіне жаңадан балалар ойын алаңын салу да жоспарда бар. Пионер ауылындағы балалар ойын алаңын жаңартылыпты. Бұдан бөлек, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 30 түп ағаш көшеттері отырғызылып, 12 гектар жерге көкөніс егіліпті.

Баяндамадан кейін кент тұрғындары Зейілқабден Қозыкенов Пионер ауылы бойынша ауызсу мәселесін көтерді. Серік Балабеков Ақтас клуб үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсынысын білдірді. Сонымен қатар, бұл азамат ауылға жас мамандарды жұмысқа тарту секілді мәселені де көтерді.

Сондай-ақ, тұрғындар Ақтас кентіне жедел жәрдем көлігі керектігін және субсидия алу жайында ауқымды мәселелерді қозғады.

Қойылған сұрақтардың басым бөлігіне кент әкімі Дулат Сүлейменов нақты жауабын беріп, көтерілген мәселелерге байланысты жұмыстар алдағы уақытта атқарылатынын жеткізді.

Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Сәрсембайұлы күрделі мәселелердің шешілу жолдарына тоқталып, дала өртін ауыздықтауға атсалысқан ауыл азаматтарына алғысын айтты. Алдағы уақытта осы мәселеге қатысты ауқымды жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.

Сол күні Қарсақбай кентінің әкімі Аян Әбжамалов та атқарылған жұмыстары жөнінде өз есебін берді.

Бірінші кезекте, аудан әкімінің орынбасары бастаған топ кенттегі жаңадан ашылған спорт кешенінде болып, бүгінгі жай-күйімен танысты. Ал, аудан әкімінің қайтарымсыз грантына ие болған қарсақбайлық Жандос Қазыбай осы күні өз кәсібін ашып, жұмысын бастап отыр екен. Жас кәсіпкер жылжымалы кинотеатр ашып, халыққа сапалы кинофильмдер көрсетуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, алдымен Қарсақбай кентінде кәсібінің ашылу рәсімін өткізіп, кинофильмдерін Ұлытау, Жезді өңірі тұрғындарына ұсыну да ойында бар.

Бұл кездесуге де аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов, аудандық мәслихаттың депутаты Мұрат Мәткенов, аудандағы тиісті мекеме, бөлім басшылары қатысты.

Атқарылған жұмыстар баяндалғаннан кейін аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Сәрсембайұлы өткен жылы кент бойынша атқарылған жұмыстарды саралап, ауыл әкімінің алдағы жоспарымен бөлісті.

Есепті кездесуде Қарсақбай кентінің учаскелік полиция инспекторы Мейрам Уалинов та өткен жылғы атқарылған жұмыстарын саралап, жиналғандарға баяндап берді.

Жиын соңында қарсақбайлықтар да өткен жылы кент көлемінде жүргізілген жұмыстардың тиянақты атқарылғанын айтып, Аян Есенғалиұлының алдағы жұмысына да сәттілік тіледі.