ЖАҺАНДЫ ЖАҢҒЫРТҚАН ЖЫР немесе ақын Ғалым Жайлыбай қаламының қарымы
Мамырдың 31-і. Қарағанды.
Әлемнің осында ауған бар назары:
Франция аумағына сыйып кетер,
ГУЛАГ-тың осы жерде ЗҰЛМАТЛАГЫ.
Мамырдың 31-і.
Көктем мен жаздың шекарасы.
Күн Көкте күлімдей көрінер, топырақ бусанар, бүршіктер жапырақ жаяр, көкорай жайқалар, көтерем аяққа тұрар, арық тояттар, аққа ауыз жетер, үзілген жалғанар, тоқ шаттанар шақ.
Көктемнің соңғы күні. Қарын тояр, көйлек көгерер, көңілдің көтерілер кезі. Алайда, бұл күн – ресми түрде қаралы күн, азалы күн. Бұл күннің қазақ үшін ерекше мәні мен маңызы бар.
Ашаршылық қырғыннан тәні Жерге ақсүйек болып шашылған, рухы Көкке өрлеген бейкүнә құрбандарды дүйім қазақ еске алатын, аруақтарына дұға бағыштап, ас беретін айрықша күн.
Биыл Еуропа қазақтары ашаршылық қырғыны құрбандарына арнап, Қарағандыда ескерткіш орнатты. Ескерткіш идеясын сомдаған, тасты қашап, мүсіндеген, қаржысы мен қалауын тауып орнатқан шетел қазақтарының «Наурыз» қауымдастығының өкілдері – Серік Тұрсын (терапевт, Швейцария), Айкен Қайранбайқызы (тарихшы, Финляндия), Бағытжан Изатбайұлы Қалиев (мұнайшы, Норвегия), Жармұхаммед Тілегенұлы (мүсінші, Германия).
Әнет баба атындағы Қарағанды облысының орталық мешітінің теріскей жағына орналасқан ескерткіште бір-бірін сүйей отырған ер мен ана бейнеленген. Құр сүлдері қалған қос мұңлықтың бауырындағы бос кеңістік төңкерілген қазанға да, шаңырақты киіз үй сұлбасына да келеді әрі құдды бір экран тәрізді. Ескерткіш ашылған мезетте содан көкті кезген ақша бұлттар мен түпсіз ашық аспан көрініп тұрды. Бұл қазақ көгінің енді қара бұлтсыз болатынын меңзегендей. Әйтеуір бір-біріне сүйеу болып отырған қос мұңлықтың ортасында жаңа өмірдің көктемегі белгі береді. Ескерткіштің айналасы кең. Күнгейінде – мешіт ғимараты, теріскей батысында – «Сүйінші» монументі, күнгей батысында білім ордасы орналасқан.
Ескерткіштің ресми ашылуынан соң жұрт қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» (поэма-реквием) кітабының түсаукесеріне асықты.
Тұсаукесер академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде өтті. Поэма-реквиемнің дүниеге келуіне де, осы кітаптың шығуына да мұрындық болған университет ректоры, заң ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Нұрлан Дулатбеков. «Тарихтан – тағылым, өткенге – тағзым» ғылыми-ағарту жобасының нәтижелері бес құрлыққа тараған, әлемге танымал болған оның еңбегі ерекше.
Кітапта белгілі суретші, ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіковтың иллюстрациялары мен көрнекті суретші Алмагүл Меңлібаеваның фотосуреттері пайдаланылған. Тұсаукесерде Ғалым Жайлыбай осы үштіктің еңбегіне аса ризашылығын білдірді.
Қуын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған биылғы жиынға әлемнің 23 мемлекетінің елшілері қатысты. Франция, Норвегия, Польша, Дания, Чехия, Румыния, Гүржістан, Балтық маңы және басқа да елдердің елшілері поэмаға аса қатты назар аударып, оның авторымен ұзақ сұхбат құрды. Өз еліміздің де атақты ақын-жазушылары, мәдениет пен өнер қайраткерлері, саясаткерлер, жалпы зиялы қауым ақынды қаумалап, ризашылықтарын білдірумен болды. Қолтаңба сұрап, суретке түсіп, мәре-сәре күй кешті. Ақын Серік Ақсұңқарұлы шетелден келген қазақ бауырларымызға «Ғалымды Нобель сыйлығына ұсыныңдар!» деген ойын жеткізіп жатты. Несі бар?! Негізсіз емес. Менің өз басым бұл ұсынысты қолдаймын.
Студенттердің мәдениет үйінде өткен іс-шараға жүздеген жас қатысты. Студенттер поэма-реквиемнен бірнеше тілде үзінді оқыды. Ғалымның өзінің де тембрге бай, салмақты да салиқалы қоңыр үніне құлақ түрдік.
Ғалым Жайлыбай – бүгінде қазақтың қара сөзін, дара сөзін ғаламға таратушылардың бірегейі. Құшағы – даладай кең, таланты – телегей теңіз, тереңдігі – мұхиттай тұңғиық, шыңы шырқау ақын Ғалым Жайлыбай өзінің «Қара орамал» поэма-реквиемімен Жер-жаһанға жар салғалы көп болған жоқ. Аз уақытта ақынның үні әлемге кең тарады. Бүгінгі таңда поэма-жоқтау әлемнің он алты тілінде жарық көрді. Оның ішінде ағылшын, алтай, башқұрт, беларус, грузин, қарашай-балқар, қырғыз, моңғол, орыс, өзбек, саха, татар, түрік тілдері бар. Сол елдерде кітап болып шықты да. Ғалым миллиардтаған оқырманы бар ақынға айналды. 2017 жылы Швецияның Стокгольм қаласында өткен «VI – OPEN EURASIAN» әлемдік байқауында ІІІ дәрежелі сыйлықты иеленді.
Алайда бұл поэма-жоқтаудың құндылығы байқауларда алған орнымен өлшенбейді.
«Қара орамал» – тар көмейге тығылған өксік үнді жария жарыққа шығару, көкейтесер шерменде шерді шерту, мұң-зарды сыздықтата төгу, іштегі шеменді бебеулете еріту, сталинизмді айыптау, коммунизмді әшкерелеу, енді мұндай зұлматты болғызбау үшін күресу символы.
«Қара орамал» – қазақтың қаралы қасіретін ашық үнмен әлемге жеткізу.
«Қара орамал» – адамзаттың ортақ тағдырын тәмсілдеп өру.
Бұл – зар мен шер, жар мен жыр, қайғы мен мұң, ақ пен қара, өмір мен өлім, дерт пен дәрмен, тән мен руһ, адамдық пен арамдық, жаһандық пен надандық, аңсау мен арман, үміт пен күдік, сенім мен наным, тарих пен тағылым, кеше мен бұл күн, бүгін мен келешек қосарласа өрілген, көмекейден тұтастай төгілген телегей теңіз көз жасы, қалам сиясы зерлеген эпопея.
Бұл – қазақтың ғана зары емес, Ғалым ақынның ғана жыры емес, бұл миллиардтардың шер-шемені зерделенген жан айқайы. Бұл – Ғалым Жайлыбайдың ғана шығармасы емес, бұл – барша адамзаттың ортақ жоқтауы. Өйткені мұндай зұлматтар әр елде болмаса да, әр құрлықта болған. Бұл – мыңжылдықтар зарын бойына жинақтаған ащы торталы сүзбе.
Карлагтың азабы мен тозағына түсіп, тағдыры талқан болғандарды көргенде періштелердің өзін үрей билеп, жеті қат аспаннан безіп, жындардың өзі жынынан айрылып, жындануға шақ қалды деуге болар. Өйткені мыңжылдықтарда «мың өліп, мың тіріле» жүрсе де, қазақ дәл мұндай зұлматты бұған дейін көрмеген еді. Мұнымен шендессе, Америка үндістері мен Ирланд халқының бастан кешкендері шендесер.
Зұлматты ұйымдастырғандар Қазақстаннан тысқарыда отырды. Жандайшаптары жер-жерден табылды. Олар естінің есінен айрылуын, ессіздің елес болуына есеп жасады. Алайда ол есептері жүзеге аспады. Керісінше, өздері есінен айрылды, айуанға айналды.
Қазақ қанқырғын жасағандарға беріспеді. Сол жолда не көрмеді?! Мал-жанын қорғаймын, аман сақтаймын деп небір амал-айлаға барды. Жүздеген көтерілісті ұйымдастырды. Кеңес билігі көтерілісшілерді қанға бөктірді. Қатаң жазалады, аяусыз қырды. Ел үдере көшті, бел-белесте, байтақ кеңістікте, Бетпақдалада ақсүйек болып шашылды, шекара асам деп кеден-кедергіге ұрынды, атылған оққа жалаңаш кеудесін тосты, кезенген қаруға қылыш ала жүгірді, пулеметке найзамен ұмтылды… жан сақтау үшін Сібір мен Оралдың, Еділ бойының қалаларына шұбырды, Алтай, Тарбағатай, Тибет асты, Құба шөлді кесе-месе, Гималай асты, Үнді мен Пәкістанға өтті. Жолай соғысқанмен соғысты, табысқанмен табысты. Ақыры жүз мыңдаған нөпірден аз ғанасы Түркиеге жетті. Одан соң Еуропаға, Америкаға да тамыр жайды.
Босқандар мен қашқандар небір азаптан өтсе, елде қалғандар да тозақ тақсыретін толығымен тартты. Ол тозақ – Карлаг деп аталды. Карлагқа бөлінген аумаққа бір Франция сыйғандай екен.
Қазақ түптің түбінде есін де, ерін де, елін де, жерін де сақтап қалды. Қазақтың босқаны да, қашқаны да, қалғаны да есінен айрылмауға, жадынан жаңылмауға, өзінің кім екенін ұмытпауға тырысты. Бұл екінің бірінің қолынан келмейтін дүние екен. Ғасырға жуық уақыт өткенде әлі де есімізді жинау, жадымызды жаңғырту, кім екенімізді айқындау оңайға түсіп жатқан жоқ.
Ғалым Жайлыбайдың бұл поэма-жоқтауы ХХ ғасырдың «Елім-айы» іспеттес қызмет атқаруда. Сананы сілкінтіп, жадыны жаңғыртып, зерденің зерін келтіруде. Ұлттық кодтың кестесін тоқуда, руһ материясын өруде.
«Қара орамал» поэмасындағы азалы жыр, азат ойлар бір ұлттың ғана емес, көп ұлттың, түрлі нәсіл, жалпы адамзаттың қайғы-қасіретімен, тағдыр-тауқыметімен үндеседі. Сол ішкі үндестік қазақ ақынының осынау азалы жоқтауын жаһандық шеңберге шығарып, ғаламдық шырқауға көтеріп отыр.
Бұл – әлі де болса түрлі тілге аударылатын, сан мәрте қайта тәржімеленетін, іште қатқан шер-шемендерге қозғау салып, көкірек көзін ашатын, ақыры, осындай бояулы талай зар-дастанның дүниеге келуіне түрткі болатын туынды.
Сырттай қарағанда қимылы баяу, мінезі байсалды ақын Ғалым ылғи ішкі ширығудың шырмауында жүретін қаламгер. Оған бұған дейін де жазған шығармалары айқын дәлел. Ел тағдырына қатысты небір оқиға, тауқыметтерге үн қатпай қалған кезі жоқ. Жалғыз қазақтың тағдыр-тауқыметі емес, оны бүткіл Түркі жұртының, абыз Алаштың, абзал адамзаттың мұң-мұқтажы толғандырады, тебірентеді. Жә, ол туралы сөз реті кейіндей тұрсын.
«Қара орамалға» қайта оралсақ, қаламгердің осынау зар-жырында басы артық тұрған ешбір жол жоқ, әрбір жолы зіл салмақты, әрбір жолы көненің күмбірін, кешегінің мұң-зарын, бүгіннің бебеуін, ертеңнің үміті мен күдігін бойына сыйғызып тұр.
Сабырлы салқар көші, сағымды сағынышы бар Сарыарқа, Арқадағы Сарыбел, қара қақпалы, дар ағашты Қарабас, қамысы мүше-мүше Жалаңашкөл, Қызжылаған Ақмол, хан жайлаған Көктіңкөлі, бейкүнә сәбилер мен аналардың мәңгілік мекеніне айналған Жартас, Кеңгірді күңіренткен Степлаг, егіз бұрым Есіл, Нұра, жағасында жаға жыртысқан Жайық, ел айрылған Еділ, мәңгілік тоңға тұрақтаған Магадан мен Колыма, адамзаттың алтын бесігі – Жер шары, Көктегі Үркер – бәрі-бәрі осында тоғысқан:
«Қасірет кешті адамзат, мұң қаптады,
Көздің жасын көп күндер құрғатпады.
Бұлдыр-бұлдыр дүние көз ұшында
Құйрығындай түлкінің бұлғақтады.
Жұмыр басты пендені жұтып жатты
Шындық өлген кезеңнің шым-батпағы.
…Қарағанды лагері –
“Қарлаг” емес –
Қара ниет қоғамның ЗҰЛМАТЛАГЫ», – деп бір түйеді.
Психология мен философия, болмыс пен тұрмыс, тірлік пен өнер түйісін зерделей келіп, Ғалым былай дейді:
«Жапа шексең жазықсыз жаза қиын,
Қайғы торлап қаралы қазақ үйін.
…360 пианист тіріліп кеп –
Тартып жатты қосылып Аза күйін…
Тірі бәрі!
Бұл маңда кісі өлмеген!» –
деп жырлайды көңілдің құсы өрлеген.
Заманақыр басына зауал туды –
Адамзаттың РУХ-ын кісендеген» – міне, осындай толғаулар мен пайымдардан түзілген қаралы Карлаг туралы азалы жыр ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Адамзаттың осы көргені оған мәңгілік сабақ әрі енді мұндай зұлмат пен зобалаңның қайталанбайтынының кепілі сияқты.
Алайда бүгіннің көріністерін зердемізге салсақ, адамзаттың бір бөлігінің жады – жартыкеш, мінезі – дүлей, қимылы қатыгез болып бара жатқанын байқаймыз. Соған орай:
«Бұл зұлматтың өткені кеше ғана,
Соны ұмытып үлгерген надандар бар!
Қанша тілде жырланып айтылса да,
Түк естімес меңіреу құлақтар бар!
Төңкеріліп дүние қираса да,
Еш назарын салмайтын көрсоқыр бар!
Қап-қара боп Жер-жаһан өртенсе де,
Селт етпейтін қаражүз қараулар бар!» – дер едім мен.
Адамзат адамдардан құралады. Сол адамның бойында адамдық өзінен өзі қалыптаспайды. Миллиондаған жылдар көрген қорлық пен үрей құлдық сананы адам бойына терең сіңірген. Сол құлдық сананы күнсайын аямай сығып, тамшылап болса да шығарып отырмаса болмайды.
Адамдық үшін күрес күнде жүруі, сағат сайын жүруі тиіс. Адамдық үшін күрес адамның, адамзаттың бойындағы надандық пен меңіреулік, көрсоқырлық пен қараулық мүлде түгесілгенше жүрмек. Бұл күрес – мәңгілік. Күрес тоқтаған күні адам адам болудан алшақтамақ.
Ақын Ғалым – сол күрестің бел алдында. Кеудесі кең ақынның жүрегі де сом болуы керек. Жер бетіне қатер төнсе, сол сом жүрек ерекше дүрсілдеп қоя беретінін көріп келеміз. Сол жүректің дүрсілі ырғақты болуын, неғұрлым ұзағырақ соғуын тілейміз!
Ғалым Жайлыбайдың қаламынан енді жезкиікке, жетім құлынға, қара орамалға арналған жыр-жоқтаулар емес, махаббат пен ғаделетке, шапағат пен парасатқа, болашақ пен келешекке арналған, мөлдір мен кәусарды, тазалық пен тұнықты жырлайтын, биікке шырқайтын, үміт пен сенімге, сана мен сезімге толы жырлар төгілсін, жаһанға жауһар болып шашылсын дейміз.
…Алдында түннің бір уағына дейін жаңбыр жауған-тын. 31-і күні кешқұрым тағы бір себелеп өтті. «Қара орамалдың» тұсаукесерінен соң шетелден келген бауырлармен Долинкадағы Карлаг мұражайына бет алған едік. Сол жаңбыр қайғының «Қара орамалын» бір жуып бергендей. Ел мен жерге нұр жауғаны деп жақсылыққа жорыдық.
Болат КЕНЕЛҰЛЫ,
заң ғылымдарының кандидаты, доцент,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.