Маңызды мәселелер көтерілді
Облыс орталығындағы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ұлытау ауданының әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ қатысуымен брифинг өтті. Онда ауданның экономикалық-әлеуметтік даму барысы жөнінде сөз қозғалып, шаруаларды қолдау шаралары туралы айтылды.
– Ұлытау ауданының экономикасы ауылшаруашылығы бағытында дамыған. Аудандық жалпы ішкі өнімнің 73 пайызы осы салаға тиесілі. 2021 жылдың өзінде ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 28 млрд. 895.8 млн. теңге болды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 105.7 пайызға артық, – дейді Советбек Медебаев.
Аудан басшысының айтуынша, бұл көрсеткішке Қазақстан Республикасында 2017-2021 жылдар аралығында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында көрсетілген мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде қол жеткізілген екен.
2021 жылдың жаз маусымы қазақстандық шаруалар үшін қолайсыз болды. Қуаңшылық салдарынан шөп сирек өсіп, егін дұрыс өнім бермеді. Оның үстіне алапат өрт қосылып, ұлытаулық фермерлерді әбігерге салған еді. Оларға резервте тұрған жердегі шөпті шабуға рұқсат берілген. Советбек Медебаевтың мәлімдеуінше, егер биыл да қуаңшылық қайталанып, қысқы мал азығын әзірлеуде қиындықтар туындаса, онда шаруаларға мемлекеттік резервте тұрған жерлерден шөп шабуға рұқсат беріледі.
Брифингте көтерілген тағы бір мәселе – тұрғын үй кезегі. Советбек Тұрсынұлы кезекте тұрған азаматтар үшін төрт көппәтерлі үй салынатынын жеткізді.
Биылғы жылдың екінші жартыжылдығында Ұлытау ауылында 48 пәтерлік екі қабатты төрт үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Тұрғын үй кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға бөлінетін болады.
Өткен жылдың желтоқсан айында Ұлытауда көпбалалы отбасыларға тұрғын үй сатып алуға және бөлуге арналған үш қабатты 24 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жеке құрылыс салушылар екіқабатты сегіз және он алты пәтерлі төрт тұрғын үй салу бойынша жобаны іске асыруда.
– Тұрғын үйлердегі осы 48 пәтерді мұқтаждарға сатып алу және бөлу жоспарлануда. Өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 13 162 шаршы метрді құрады, – деп атап өтті Советбек Медебаев.
Сондай-ақ, спикер ұзындығы 420 шақырымнан асатын Қызылорда мен Жезқазған арасындағы автожолды қайта жөндеу қажеттігіне тоқталды.
– Жолды жөндеу Ұлытау – Жезқазған өңірі үшін, атап айтқанда біздің аудан үшін үлкен маңызға ие. Автожолды қайта жаңартуды қаржыландыру үшін Азия Даму Банкі мен Еуропа Қайта Құру және Даму банкінің қарыз қаражаты тартылды. Үкімет келісіміне сәйкес биыл күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Жөнделген жол туризмді дамытуға септігін тигізеді.
Брифингтегі баяндамадан соң аудан басшысы қатысушылардың және тікелей эфирге келіп түскен оқырман сұрақтарына жауап берді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.