Облыс әкімі К. С. Станиславский атындағы театр ұжымын 90 жылдығымен құттықтады
К. С. Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театрының 90 жылдығы қарсаңында аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек актерлерді мерекесімен құттықтады.
— Өкінішке орай, біз пандемияға байланысты мұндай маңызды күнді атап өте алмаймыз. Бірақ жағдай қалай дамыса да, біздің сүйікті театрымызда үлкен оқиға — 90 жылдық мерейтой болып отыр. Бұл аймаққа ғана емес, бүкіл елде де белгілі ұжым. Театр керемет әртістерімен, үлкен шығармашылық бағдарламасымен, байыпты басшылығымен танымал. Театрды мерейтоймен құттықтаймын! — деді Жеңіс Қасымбек.
Кездесуге ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова шақырылды.
Ол облыс басшылығына мәдениетке көңіл бөлгені үшін ризашылығын білдіріп, драма театрының бірегейлігін атап өтті.
— Бұл шын мәнінде көрермендердің сүйікті театры. Сонымен қатар, перифериялық өнер ғибадатханасы Қазақстаннан тыс жерлерде де танымал болды. Бұл табыстылықтың көрсеткіші емес пе, — деп атап өтті Рымбала Омарбекова.
— Біздің театр өте ерекше. Ол Қазақстан аумағындағы ең көне болып табылады. Театрда әртістердің үш буыны бар. Біз жылына алты жаңа қойылым дайындаймыз. Пандемияға дейін Сербияға, Македонияға, Ресейге гастрольмен барып үлгердік. «Ауылым — алтын бесігім» бағдарламасы аясында шалғай ауылдарға спектакльдермен барамыз, — деді театр басшысы Дунай Еспаев.
Карантин кезінде театр ұжымы жұмысын тоқтатқан жоқ. Дайындықтар қашықтықтан өтті. Сонымен қатар, ең танымал мектеп шығармалары туралы, сөйлеуді үйрететін, сахнаның арғы жағындағы құпияларды ашатын онлайн бағдарламалар пайда болды.
Облыс әкімі театр өкілдерімен шығармашылық идеяларды, ағымдағы мәселелер мен өзекті сұрақтарды талқылады.
Дунай Еспаев өз тарапынан «Азия Жүрегі» халықаралық фестиваль-форумын өткізу идеясын жариялады. Осы іс-шара аясында әр түрлі театр өнерін оқытуды ұйымдастыруға болады. Бұл туризмді дамытуға және театр ұжымдары арасында тәжірибе алмасуға ықпал етеді.
Аймақ басшысы театр қызметінің аясын кеңейтуді ұсынды. Киноиндустрия контексінде театр өнерін дамыту. Қарағанды аймағының өмірі туралы клип, фильм немесе тіпті серия түсіруге тырысу керектігін айтты. Бұл идеяны театр әртістері қуана қолдады. Олардың да осындай жоспарлары болған, бірақ әзірге техникалық қолдау жеткіліксіз. Осыған байланысты әкім көмектесуге уәде берді. Сондай-ақ, кадрлар, жалақы, театр қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы айтылды.
Кездесу соңында облыс әкімі Станиславский театрының ұжымына құттықтау хатын табыстап, оның екі әртісі — Павел Кондратьев пен Нина Круцевичке алғыс хаттар табыс етті.
— Бізді елеп жатқаны қуантады. Қазір бізде бір тілек бар — пандемия тезірек аяқталып, көрермен қайтадан театрға оралса екен дейміз, — деп бөлісті Нина Круцевич.