Іскер басшы
Көктемнің шуағымен қатар келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні – аналар мен аруларға құрмет көрсететін тағылымды мереке. Бұл күн – отбасының берекесін кіргізіп, қоғамның әр саласында табанды еңбек етіп жүрген қайсар қыз-келіншектердің еңбегін айшықтайтын айрықша сәт. Сондай ел сенімін арқалап жүрген жандардың бірі – Егінді ауылдық округінің әкімі Венера Усерова.

Венера Амангелдіқызы 1979 жылдың 2 қыркүйегінде Жезқазған қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлытау ауданының Егінді ауылында өтті. Отбасындағы тұңғыш перзент ретінде ата-әжесінің тәлімін көріп, ұлттық құндылықтар мен ізгі қасиеттерді бойына сіңіріп өсті.
Әкесі – Амангелді Усеров «Урожайный» кеңшары құрылған кезеңнен бастап механизатор болып еңбек етіп, елдің ырысын еселеуге үлес қосқан жан. Анасы – Бибітай Толқынбекова осы кеңшарда сатушы, кейін пошта меңгерушісі қызметтерін атқарып, абырой биігінен көрінді. Еңбекпен есейген әке-шешенің өнегесі Венераның өмірлік ұстанымына айналды.
1986 жылы №8 орта мектептің табалдырығын аттаған ол 1996 жылы мектепті тәмамдап, бала күнгі арманы – ұстаздық жолды таңдады. Осы мақсатпен Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіне оқуға түсіп, 2000 жылы тарихшы мамандығын үздік дипломмен аяқтады. Еңбек жолын Жезқазған қаласындағы №7 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастап, 2003 жылы туған ауылына оралды. №8 орта мектепте ұстаздық қызметін жалғастырып, 2004 жылы директордың оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, ал 2013 жылдан бастап мектеп директоры болды. Бұл жылдар білім сапасын арттыруға, шәкірт тәрбиесіне бағытталған жемісті кезең ретінде есте қалды.
2022 жылы Ұлытау облысы құрылғаннан кейін облыстық білім басқармасында мектепке дейінгі, жалпы орта білім және тәрбие бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарды. 2023 жылы бөлім басшысы ретінде аймақтың білім саласын дамытуға белсене араласты.
2024 жылдың 15 желтоқсанында Ұлытау аудандық сайлау комиссиясының №22 шешімімен Егінді ауылдық округінің әкімі болып сайлануы – халық сенімінің нақты көрінісі. Бұл қызмет – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Венера Амангелдіқызы бүгінгі күні ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Ұстаздықтан басталған еңбек жолы мемлекеттік қызметпен жалғасып, туған жерге адал қызмет етудің үлгісіне айналды. Ол – іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін, мейірім мен талапшылдықты қатар ұштастыра білген заманауи қазақ әйелінің жарқын бейнесі.
Өз тілшімізден.

