Инвестиция құюға мүдделі
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірге инвестиция құюға ниетті кәсіпкерлермен кездесті.

Кездесу барысында аймақ басшысы шетелдік инвесторларға Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, жаңартылатын энергия көздері, инфрақұрылым және жоғары технологиялар салаларындағы әлеуетін таныстырып, өңірде жүзеге асыруға болатын бірқатар перспективалы бағыттарға тоқталды.

Кәсіпкерлер Қытай халық республикасында әлемдік деңгейдегі танымал меркетплейстермен тығыз жұмыс істейді, онлайн дүкендердегі тауарларды тасымалдаумен айналысады. Инвесторлар Қазақстанда тұңғыш рет пилотсыз басқарылатын әуе кемелері мен дрондар арқылы әуе қатынасын іске қосуды, тауарларды сол арқылы тасымалдауды Ұлытау облысынан бастауды жоспарлап отырғандарын айтты. Олардың пікірінше, облыстың географиялық тұрғыдан орталықта орналасуы жобаны жүзеге асыруға аса қолайлы.

Сонымен қатар кәсіпкерлер пилотсыз әуе кемелеріне арналған құрылғыларды Ұлытау облысында өндіру және мамандарды даярлау бағыттарын да қатар алып жүруді көздеп отыр. Инвесторлар мұндай жобаларды өз мемлекеттерінде табысты жүзеге асырып, кен өнімдерін тасымалдауда жоғары тиімділік пен жылдамдыққа қол жеткізгендерін атап өтті.
Облыс әкімі Дастан Рыспеков ұсынылған жобаның өңір үшін маңызды екенін айтып, тиісті талдау жүргізіліп, нақты ұсыныстар енгізілген жағдайда оны жүзеге асыру мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
