ҚАРЖЫҒА ҮНЕМ, ТӘРТІПКЕ БАҚЫЛАУ, СЕНБІЛІККЕ СЕРПІН КЕРЕК
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Күн тәртібінде 2025 жылғы І тоқсандағы бюджеттің атқарылуы және санитарлық тазалық және көктемгі ағаш отырғызу жұмыстарын жоспарлау жайында мәселелер қаралды.
Алғашқы сұрақ бойынша Қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Қиянбеков баяндады. Бұл ретте өңір басшысы І тоқсан бойынша қаржының игерілу деңгейін сынға алып, жауапты әкім орынбасарына бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жоспарлау жұмысын бақылауға алуды тапсырды.
Сондай-ақ облыс әкімі қала-аудандарда отырғызылатын көшет санын көбейту, жергілікті әкімдермен бірлесіп, оларды суару жұмыстарын қолға алу мәселесін тездетіп шешу міндетін қойды.
Оған қоса, Ұлытау облысының әкімі сенбілік жұмыстарын жүргізу барысында облыс орталығының шеткі аудандары мен Кеңгір су қоймасының жағалауын назардан тыс қалдырмау қажеттігін, аулаларды тазартуда қала құраушы кәсіпорын күшін пайдалану бастамасын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Орман шаруашылығындағы ағаш отырғызу жұмыстарын жүйелі жүргізу мәселесі де аппарат жиынының күн тәртібінен тыс қалмады. Өңір басшысы бұл ретте биыл да жоспарлы көрсеткіштің орындалуын қамтамасыз етуді, аурулар мен зиянкестердің таралып кетпеуі үшін санитариялық жұмыстарға, өрт қауіпсіздігіне көңіл бөлуді тапсырды.
Жиын соңында өңір басшысы ҚазАвтоЖол, ҚТЖ компанияларына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, 1 мамырға дейін облыс арқылы өтетін жолдар, темір жолдардың бойындағы шашылып жатқан қоқыс қалдықтарын тазартуды ұйымдастыруды, Полиция департаментіне қоғамдық тәртіп бұзушыларды анықтаумен жұмысты күшейтуді қатаң тапсырды.