Өз кәсібінің кәнігі маманы
Адам еңбегімен – көрікті. Кез-келген қызметте абыройға бөлену еңбекқорлыққа байланысты. Содан соң заман талабына сай жұмыс жасай білуінде. Бүгінде қоғамның әр саласында білек сыбана еңбек етіп, бала-шағаның бабын тауып, отбасының ұйытқысы болып жүрген нәзік жандар аз емес. Солардың бірі – №9 Терісаққан орта мектебінің аспазшысы Алмагүл НҰҒЫМАНОВА.
Ол 1984 жылы 1 ақпанда Қостанай облысы Арқалық қаласында дүниеге келген. 2001 жылы өмірлік серігі Дулат Рахатұлына тұрмысқа шығып, Терісаққан ауылында тұрақтап қалады. Бүгінгі таңда сол ауылда тамыр жайып, өсті, өркендеді. Бір қыз, үш ұл тәрбиелеп отырған жайы бар. Отбасында бала тәрбиелей жүріп, өз жұмысын да қатар алып жүрді. Қай жұмыста болсын, оның жігерлігі мен табандылығы ортасына сыйлы етті. Осының өзі-ақ оның жұмысына деген жауапкершілігінің көрінісін айғақтайды. Әлбетте, қоғам кез-келген уақытта адам бойынан еңбекқорлықты, адалдықты талап ететіні анық. Оның бүгінгі жетістігі сол жауапкершіліктен туындаған еңбегінің жемісі. Алмагүлдің аспазшы болғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Сөйте тұра аз ғана мерзімде аспазшы мамандықты тез меңгеріп алды. Жылдан-жылға мамандығына әбден машықтанып, шеберлігін шыңдап келеді. Қазір ол қоғамның маңызды бөлшегіне айналған еңбек адамдарының қатарында. Ауыл халқы алдында сыйлы, беделді. Әркез дәмді тағамдарын дайындап, мектеп асханасында тынымсыз еңбек етуді кәсібіне айналдырған.
Алмагүл Серікқызының қонақжайлылығы да бар. Үйіне келген кісіні төредей күтіп, төріне шығарып, жылы қабақ танытып, қарсы алуға дайын. Бұл оның қазақ келініне тән қасиеті. Осы мінезі анасы Балдырғанға ұқсас. Әкесі Серік те ел алдында еңсесі түспеген ел азаматы. Әнші, сазгер жүзінен күн нұрындай жылылық есіп тұратын ақкөңіл кісі. Осындай өнерлі жанұяда тәлім алған Алмагүл өнерден де қаражаяу емес, қолы қалт еткен сәтте ән айтатын өнері де бар. Бірақ оған ауылдың күйбең тірлігі мұрша бере қоймасы анық. Аспазшы болу да оңай жұмыс емес. Осы жолда Алмагүл жұрт алғысына бөленіп, көптің көңілінен шығып жүрген нәзік жан. Өз ісіне ұқыпты, өз жұмысына мығым келіншек.
– Аспазшы мамандығы ұқыптылықты қажет етеді. Әсіресе, мектеп асханасында аспазшы болу – қиынның қиыны. Оқушылардың талғамынан шығатындай ас әзірлеу қажет. Сол үшін әзірлеген тағамымды мейлінше тіл үйіретіндей дәмді етіп дайындауға тырысамын,– дейді Алмагүл Серікқызы.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.