Мектеп ұжымы әріптесін құрметтеді
Ұлағатты ұстаз, əлеуметтік педагог, музыка пəнінің мұғалімі Тағанбай ЖАЛМУРЗИН 63-ке толып, зейнет жасына жетті. Ол 43 жыл білім беру саласында еңбек еткен дарынды азамат. Қазақтың саф алтындай күй өнері мен дəстүрлі əндерін оқушы бойына сіңіріп, шəкірттерін өнерге жетелеген талантты ұстаз.
Жақында Тағанбай Тақанұлының зейнет жасқа толуына орай, жалпы білім беретін №17 Байқоңыр мектебінің ұжымы тұлғалы азаматтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Сан қыранды самғатқан парасат иесі» тақырыбында əдеби-музыкалық кеш ұйымдастырды. Оған аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Əбдірайымов, аудандық балалар өнер мектебінің директоры Əмірхан Алпысбаев, əріптес достары Смағұл Жəнібеков, Қадыр Байкон, Мибұлақ, Жанкелді ауылдық округтерінің əкімдері Сағындық Дəндібаев, Шəріп Бекетов, №17 Байқоңыр мектебінің директоры Ерден Болат пен шəкірті Саламат Момбеков қатысып, тағылымды шараның абыройын асырды.
Айта кетейік, Тағанбай Жалмурзин 1961 жылы Қарақұм ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1981 жылы №17 Байқоңыр орта мектебінде музыка пəнінің мұғалімі болып бастаған. 1996- 2006 жылдары мектеп директорының оқу жəне тəрбиесі жөніндегі орынбасары болған. 2007-2012 жылдары №17 Байқоңыр мектебінің директоры болды. Сол жылдарда Ұлытау аудандық мəслихатының депутаты болып, халық қалаулысы ретінде көпшілікке танылды. Бүгінде аталған білім ордасында əлеуметтік педагог жəне музыка пəнінің мұғалімі. Білім саласына сіңірген еңбегі де еленіп, 2017 жылы «Білім беру саласының үздігі» медалімен марапатталған. Бірнеше мəрте облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарына иеленген. Таяуда «Өрлеу» білім жəне ғылым қызметкерлерінің салалық кəсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Кəсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
«Ұстаз – шəкіртімен көрікті» дегендей, Тағанбай мұғалімнің шəкірттері Алматы қаласында өткен VIII республикалық «Ғұмыр-дария» байқауында екінші орынға иеленсе, Жарқын болашақ Х республикалық «Əнші бұлбұлдар» конкурсында үшінші орынға иеленіп, «Сарыарқа дарыны» аймақтық байқауында бірінші орын алды. Ол кісінің жетекшілігімен құрылған «Бұланты сазы» оркестрі аймаққа танымал өнер тобы. Ал, Тағанбай мұғалімнен дəріс алған шəкірттерінің бірқатары əр аймақта өнер саласында қызметте.
Шара барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Əбдірайымов кешті ұйымдастырған Байқоңыр мектебінің ұжымына алғысын айта келе, Тағанбай Тақанұлының иығына шапан жауып, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Одан кейін, өнер саласында бірге жүрген достары құттықтау лебізін білдіріп, сөз соңын əуезді əнмен əспеттеді. Əріптес, əрі туысы ақынжанды азамат Мұқаш Стамқұлов Тағанбай Тақанұлына қатар жүрген күндерін еске түсіріп, арнау өлеңін оқыды. Шəкірттері мен əріптестері өресі биік өр тұлғалы ұстаз Тағанбай Тақанұлының өнердегі жолы өскелең ұрпаққа ұлтжандылығымен үлгі болатындығын айтып, кешті қорытындылады.
Гүлсім НАСЫРИТДИНОВА.
БАЙҚОҢЫР ауылы.