Мерейтойға тарту жасалды

Аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ қатысуымен Ұлытау ауданының 85 жылдық мерейтойы аясында аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімі ғимараты алдына орнатылған «Домбыра мен Қобыз» мүсіндерінің ашылу рəсімі өтті.

Домбыра мен Қобыздың Ұлытау төрінде қойылуының да үлкен мəні бар. Қасиетті өңірдің тарихы домбыра мен қобыз үнімен үндес. Осы қос аспаптың сырлы да сиқырлы сазы өз тұңғиығына тартып, тылсымымен баурап, өне бойына шабыт пен жігер сыйлайтыны анық. Өйткені, екеуі де рухты көтеретін сазды ұлттық аспаптар. Бұл қос аспаптың мүсінін орнатуға демеушілік жасаған «Самға» ЖШС басшысы Абай Байділдə мен «NERIS – НЭРИС» ЖШС басшысы Еділ Əбдірахманов. Осы екі азаматқа ұлытаулықтардың да айтар алғысы шексіз.

Аталған шара өңіріміздің мəдени жəне рухани мұраларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Мүсіндердің лентасын қию рəсімін Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Мағзұмбек Машайықов пен еңбек ардагері Ахметжан Жанұзақов жүзеге асырды. Бұдан кейін қазақы дəстүрмен шашу шашылып, жезділік əнші Азамат Смағұлов Жақсыкелді Сейіловтің «Ұлытау» əнін орындады. Алғашқы болып сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Тəшенов домбыра мен қобыздың шығу тарихы туралы кең тұрғыда əңгімелей келе, жиналған қауымды Ұлытау ауданының 85 жылдығымен құттықтады. Осы тұста аудандық мəдениет үйінің домбырашылар ансамблі Əбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін төгілдіре төкті.

Іс-шараның келесі бөлімі «Дара тұлғалар» атты аудандық өлкетану музейінің көрмесіне жалғасты. Көрменің ашылу барысында өлкетану музейінің қызметкері Нұрсұлу Райымова «Дара тұлғалар» атты танымдық іс-шараға арналған тақырыптық көрменің ғылыми тұжырымдамасын таныстырды. Көрмеде өлкетану музейінің жəдігерлерімен қатар, аудан аумағындағы Қарсақбай, Жезді, Байқоңыр, Қаракеңгір, Ұлытау мектептерінің көрмелері де болды. Мектеп музейі көрмелерінің шежірелі жəдігерлерін қызыға тамашалаушылар қатарында аудан əкімі Аманжол Мырзабеков те болды.

Қысқасы, көрмеде Ұлытау ауданының құрылған жылынан бастап, əріден айтсақ, Ұлт ұясы – Ұлытаудың көне дəуірлердің қатпарынан сыр шертетін тарихи-мəдени мұралары да кездесті. Олардың адамзат үшін аса зор маңызға ие мағыналық сипаттамасын егжей-тегжейлі таныстырған мектеп музей жетекшілері мен оқушыларының еңбегін де ерекше атап өткен жөн.

Өз тілшімізден.