ОБЛЫС ӘКІМІ ҰЛЫТАУ АУДАНЫНЫҢ ХАЛҚЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Жиында өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы аудан көлемінде қолға алынатын ауқымды жұмыстарды баяндап, аудан әкімінің есебін тыңдады.

«Ұлытау ауданы бойынша жарық мәселесін кезең-кезеңімен шешуде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына жүгінуіміз қажет. Жаңаарқа ауданының тәжірибесіне сүйенер болсақ, қазір кенттің өзінде және Ералиев ауылында ұзақ жылдан бергі проблеманың түйінін дәл осы республикалық жоба аясында сәтті тарқатып жатырмыз» – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Аталған мәселе Ұлытау ауданында трансформаторларды жөндеуден басталып кеткен.

Сондай-ақ Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау-Арқалық бағытындағы жолдың қаражаты сәтті шешілсе, келер жылы шекараға дейін асфальтталу мүмкіндігі бар екенін айтты. Биылдың өзінде тас жолда 30 шақырым қамтылған.

Одан бөлек, облыс әкімі өңірдегі денсаулық сақтау саласына қатысты маман тапшылығын шешудегі 5-8 миллион теңге аралығындағы көтермеақының бар екенін, жедел-жәрдем көліктерінің жаңартылып жатқанын биыл тағы 2 ауылға табыс етілетінін жеткізді.

Сонымен қатар жиында аудан тұрғындары облыс әкіміне толғандырған сұрақтарын қойды. Ұлытаулықтардың басым көпшілігі ауылдардағы медициналық нысандардың құрылысын аяқтау, кәріз желілері, жарық, жол мәселесі, шаруаларға субсидия бөлу сұрақтарын жолдады.

Кездесуден кейін өңір басшысы азаматтардың сұрақтарын жеке тыңдады. Қабылдауға бас-аяғы 5 ұлытаулық жазылды.