Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының қала күнімен құттықтауы
Құрметті жерлестер!
Сіздерді Ұлытау облысының әкімшілік орталығы – Жезқазғанның 70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің орталығынан орын тепкен мекеннің жер қойнауы байлыққа, ал үсті рухани қазынаға мол. Жайдары да жайсаң халқы – Жезқазғанның басты құндылығы.
Мысты өңірдің жүрегіндей болған Жезқазғанның жаңа мәртебе алуы экономикасының өсуіне, өндіріс ауқымының кеңеюіне қосымша серпін берді. Сәйкесінше маңызды жобалар қолға алынып, ұзақ жыл тұралап қалған құрылыс нысандарының тамырына қан жүгірді. Облыс алғаш құрылған уақытта халықтың талабы сапалы ауыз су мен жылумен қамту болатын. Сол мақсатта да желілерді толықтай жаңарту жұмысы басталып кетті. Қазіргі таңда ауқымды жобалар шарықтау шегіне жақын. Соның арқасында 2025 жылы сапалы тіршілік нәріне қол жеткізуге мүмкіндік тумақ.
Сонымен қатар, Жезқазғанды дамыту үшін Бас жоспардың бекітілуі басты міндет болатын. Жыл басында Үкімет маңызды құжатты мақұлдап, қаланың үлкеюі мен көркеюі үшін құрылыс жұмыстары қарқын алды. Қазіргі таңда ауқымды істің бірі – қаланың батыс ауданын дамыту. Қазіргі уақытта аталған аумаққа жылу, су желілері салынуда және үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Нәтижесінде баспанаға кезек мәселесі де шешімін табуда. Жыл басынан бері 100-ден астам жезқазғандық қоныс тойын тойлап үлгерді.
Қадірменді жезқазғандықтар мен қала қонақтары!
Шаһарымыздың айтулы мерейтойы жақсылығымен, мол ырысымен келсін! Қолға алған бастамаларымыз жемісті нәтижесін беріп, ел игілігіне табыстауға нәсіп етсін. Отбасыларыңызға береке, жақындарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін.
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
Ұлытау облысының әкімі.