ҰЛЫТАУЛЫҚ САЯХАТШЫ ҚАРИЯ жер шарын жаяу аралаудың екінші кезеңін бастады
Ұлытаулық металл өңдеу шебері, қолөнерші, сәулет ескерткіштерінің реставраторы Сәрсенбай ҚОТЫРАШОВ жалпы қауымға 2022 жылы 72 жасында Қазақстанның 17 облысы аумағын (8 мың шақырым) жаяу аралап өтіп, танымал болғаны белгілі. Сол жылы Қазақстан бойынша марафон аяқталғаннан кейін қарт спортшының есімі қазақстандық рекордтар кітабына енгізіліп, арнайы сертификат табыс етілген болатын.
Кеше, яғни 2 тамыз күні саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов дүниежүзі бойынша жаяу саяхатының екінші кезеңін бастады. Нақтылай түссек, 2023 жылғы алғашқы кезеңде ақсақал Атыраудан аттанып, Кавказ арқылы Түркияның Стамбул қаласына 3 мың шақырымды жаяу жүріп жеткен еді.
Ол осы жолы өзінің сапарын Өскемен қаласынан бастайды. Ресейдің Алтай өлкесі арқылы Моңғолия мемлекетінің аймақтарын аралап, саяхатын әрі қарай Қытай бағыты бойынша жалғастырмақшы. Бұл бағыт туралы нақтылап айтар болсақ, Өскемен – Риддер – Усть-Кокса – Акташ – Қосағаш — Жанаауыл – Ташанта – Цагааннуурр – Баянөлгей – Толбо – Ховд – Тегрег – Дарви – Алтай – Баянхонгор – Арвайхээр – Луна – Улан-батор – Пекин. Жалпы қашықтығы – 3 000 шақырым. Оның ішінде Ресей мемлекеті арқылы 650 шақырым, Моңғолия, Қытай мемлекеттері бойынша 2 350 шақырым.
Саяхатшы осы сапарын үш айда жүріп өтуді жоспарлап отыр. Осы ретте ақсақалдың 2023 жылғы бірінші кезең барысында Қазақстан – Ресей – Грузия – Түркия сапары кезінде 3 000 шақырымға жуық жолды 100 күнге тарта мерзімде жүріп өткенін айта кеткен артықшылық етпейді. Ал келесі үшінші кезеңі 2025 жылы Болгария – Сербия – Венгрия – Австрия – Германия – Франция бағыты болады. Жиһанкез қарияның межесі – 2026 жылы АҚШ аумағын «бағындыру».
Биылғы жылы 31 шілде күні Елордада «QazaqGeography» (Ұлттық қазақ географиялық қоғамы) ұйымдастыруымен Сәрсенбай ақсақалды саяхатқа шығарып салуға арналған баспасөз конференциясы өтті. Сөз реті келгенде осы қоғамның Ұлытау облысы бойынша өкілі Бақтияр Қожахметовтің аталған кездесуді ұйымдастыруға зор үлес қосқанын айта кткен жөн. Іс-шараға «QazaqGeography» қоғамы, «Alloff brands», «Argymaq» компаниялары мен «Ұлы тағзым» қоғамдық қорының өкілдері, «Евразия» телеарнасы, сонымен қатар, ақсақалдың тілектес достары қатысты. Қонақтарға саяхатшының бұған дейінгі саяхаттары жөнінде баяндайтын фотокөрме көрсетілді.
***
С.Қотырашовтың марафоны және жүріп өткен бағыттары туралы толығырақ Instagram парақшасында @ulytaumen, Facebook, YouTube және TikTok желілеріндегі @ulytauman-де танысуға болады. Оларда жиһанкез қария ол өз саяхаты туралы блог жүргізеді, бейнетүсірілім және фотоларымен бөліседі.
Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.