ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ТУДЫ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ

Бүгін Жезқазған қаласының «Металлург» стадионында ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов, құрметті ардагерлер, өңірдің ведомстволары мен мекемелерінің басшылары, депутаттар, қоғам өкілдері қатысты.

Рәсім барысында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Мемлекеттік Гимн шырқалды.

«Тәуелсіздіктің осы үш символы бізге ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады.
Президентіміздің бастамасымен Мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы орнын биіктетуге бағытталған шаралар қолға алынуда. Жыл сайын рәміздер күнінде және Республика күнінде Мемлекеттік ту көтеру дәстүрге айналды. Заңнамада мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі жеңілдетілді. Осы ретте әрбір азамат Мемлекеттік рәміздерді қастерлеп, құрмет танытуы тиіс.
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қашан да көк байрағымыз биікте желбіреп, еліміздің абыройы арта берсін! Елімізді дамыту, өркендету жолындағы қызметтеріңізге сәттілік пен табыс тілеймін!»
, – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Айта кетейік, Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шаралар Ұлытау облысының барлық қалалары мен аудандарында да өтті, оның ішінде: автошерулер, Мемлекеттік Гимнді ұжымдық орындау және т. б.