Тасқыннан зардап шеккендер өтемақы алады
Ұлытау облысында су тасқынынан зардап шеккен 22 отбасы шығынының осы аптада техникалық сараптамасы аяқталып, келесі аптада 100 айлық есептік көрсеткіш түрінде бір реттік өтемақысы беріле бастайды. Үйдің күрделі жөндеуден өтуі немесе қайта салынуы – сараптама нәтижесіне тікелей байланысты болмақ. Бұл жайында бүгін облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен аппарат жиынында айтылды.
«Зардап шеккен отбасының ешбіреуі қолдаусыз қалмайды. Алайда барлығы заң аясында болсын. Жеке мүліктер мен шығын болған малдың санына жетпеген қаражатты республика, облыс деңгейінде құрылған қорларға өтініш беру арқылы қарастыруды тапсырамын» — деді өңір басшысы.
Сондай-ақ Берік Әбдіғалиұлы тасқын судан зардап шеккен автокөлік жолдары мен көпірлерді дереу қалыпқа келтіру мақсатында қазірден сметасын әзірлеп, қаражатын шешіп қоюды және су қарқыны басылысымен жұмыстарды дереу бастауды тапсырды.
Өңір басшысы жиында судың мол келуінің нәтижесінде бұрын-соңды толмаған тоғандарға жиналған суды үнемдеу, нәтижелі пайдалану, олардың айналасында суармалы егістікті қолға алу міндетін жүктеді. Оған қоса, облыс әкімі жергілікті тоғандарды техникалық сараптамадан өткізуді, биыл міндетті түрде Бидайық су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екенін жеткізді.
Айта кетейік, былтыр Жезді өзені мен Шалғия, Манақа тоғандарын тазалау, қамыстарын аршу жұмыстары нәтижелі жүргізілген болатын.
Жиын соңында облыс әкімі су тасқыны кезеңінде атқарылған жұмыстарға әлі де талдау жүргізуді, аудандардың орталығын сорғы құрылғыларымен, мотопомпалармен жабдықтап қоюды тапсырды.