ӨЗЕНДЕР МЕН СУ ҚОЙМАЛАРЫНА ӘУЕБАРЛАУ ЖАСАЛДЫ

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Есен Байыров өңірдегі өзендер мен су қоймаларына аэровизуалды бақылау жүргізді.

Ұшу барысында алдымен Ұлытау ауданына қарасты Сарысу өзенінің жағдайына шолу жасалды. Бақылау нәтижесінде өзеннің өз арнасымен ағып жатқандығы анықталды. Сарысу ауылына аялдаған өңір басшысына жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, төтенше жағдай департаменті және полиция департаментінің жұмылуымен бекеттер қойылып жатқаны, арнайы техникалардың жеткілікті екендігі айтылды.

Сондай-ақ әуебарлау кезінде Үйтас-Айдос су қоймасына су мөлшерінің мол келіп жатқаны белгілі болды. Нәтижесінде Кеңгір өзенінде су деңгейі көтерілді.

Кеңгір су қоймасына соңғы үш күннің ішінде 142 миллион куб су келген. Бұл — соңғы 7 жылда орын алған ауқымды көлем. Нәтижесінде биыл, қойманың суы жаңарып, қажетті меже орындалады.

Әуебақылау барысында Жезді өзенінің жағдайына да шолу жасалды. Қазіргі таңда су қоймасы 100% толған, жағдай бақылауда.

Белгілі болғандай, қазіргі таңда Ұлытау облысында еріген қар суын өткізу кезеңі, су тасқынының алдын алу арнайы құрылған штаб жұмысының аясында жүргізілуде. Барлық аймақ бақылауда.