2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру жылы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Бұл бастаманы қоғамның негізгі тірегі саналатын еңбек адамдарын дәріптеу, олардың маңыздылығына назар аудару және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру деп түсінемін.
Еңбек адамына құрмет әрқашан ерекше болуы тиіс. Олардың қоғамдағы орны қашанда биік. Қазақта «Адам еңбегімен абыройлы, мінезімен қадірлі» деген қанатты сөз бар. Еңбек пен мінез үйлескенде ғана қоғам, адам және отбасы дамиды деп ойлаймын. Президенттің бұл игі бастамасы еңбекқорлық пен кәсібилікті қоғамның басты құндылықтарына айналдыруды мақсат етеді. Жастарды кәсіби техникалық білім алуға ынталандыру және еңбек адамына құрметті арттыру үшін осы бағыттағы шаралар қолға алынуда.
Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру аясында өндіруші еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау бағытында елімізде ауқымды іс-шаралар жүргізілуде. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әр адам өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, сапалы орындауы қажет. Сонда ғана еліміз тұрақты дамуға қол жеткізеді. Біз әртүрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар ел болу үшін адал еңбекті бағалауымыз маңызды» деп атап өтті.
Осы тұрғыда 2025 жылдың жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге арналуы құптарлық бастама деп санаймын.
Әмірәлі КЕНЖЕБАЕВ,
кәсіпкер.