2024 жылғы Жолдау: елімізде аграрлық ғылымды қаржыландыру артып келеді

Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауын және Мемлекет басшысының өзге де тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елімізде аграрлық ғылым дамып келеді.

Осы мақсатта Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы (ҰАТО) базасында білім, ғылым және бизнесті біріктіретін вертикалды интеграцияланған агротехнологиялық хаб құрылуда. Қазіргі таңда оның құрамына 33 ұйым – университеттер, ғылыми-зерттеу институттары және тәжірибелік шаруашылықтар кіреді.

Ғылыми салаға қаржылық қолдау жүйелі сипатқа ие: 2025 жылы ҰАТО-ны негізгі қаржыландыру көлемі 2,6 млрд теңгеге артты, ал 2024–2026 жылдары бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға жыл сайын 9,6 млрд теңге бағытталады. Бұл ауыл шаруашылығы кешенінің барлық негізгі бағыттарын – мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығынан бастап қайта өңдеу, ветеринария және органикалық егіншілікке дейін қамтитын ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Заманауи зерттеу зертханаларын құруға және халықаралық ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөлінуде. 2024 жылдан бастап Қазақстанда Қытаймен бірлескен биологиялық қауіпсіздік зертханасы және дән сапасын анықтайтын зертхана жұмыс істей бастады.

2025 жылғы маусымда органикалық өнімдерді сертификаттау орталығы және халықаралық санитарлық және ветеринарлық стандарттарға сәйкес тамақ қауіпсіздігі зертханасы ашылды. Бұл орталықтар пестицид қалдықтары, микотоксиндер, ауыр металдар және антибиотиктерді талдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, «жасыл» өндіріс стандарттарын енгізуге жол ашады.