1,5 жасарлық балаға күрделі ми отасы жасалды

Ұлытау облысының нейрохирургтері 1 жастан асқан бөбектің өміріне араша түсті.

Балада алғашқыда инфекциялық аурудың белгілері, яғни құсу мен әлсіздік болған. Ата-анасы дәрігер көмегіне жүгінген кезде сәби есінен таңған. Міне, осы кезде ақ халаттылар шапшаң қимылдап компьютерлік томография тағайындайды. КТ кескіні баланың миын толықтай ісік басқанын көрсетеді.
Мұндай диагноз кезінде баланы аман алып қалудың жалғыз жолы – ота. Осылайша, Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың нейрохирургтері дереу іске кіріседі.
Білікті мамандар нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Оралбек Мұстафин мен жас маман Абу Дүйсенов қолдан келмейтін дүниені жасап, аса күрделі отаны зергерге тән дәлдікпен сәтті жасап шықты. Ота 3 сағатқа созылды. Миға қысым түсірген ісіктің көлемі 5*4 см құрады.

–Отадан кейінгі кезең қалыпты жағдайда өтті. Бала есін тез жиып, жарасы тез жазылды. Жағдайы тұрақтанып, жақсара бастағаннан кейін науқасты үйіне шығардық. Әрі қарай балаға оңалту курсы қажет. Қазір әке-шешесі «Ана мен бала» орталығында жоспарлы ем алуға дайындық үстінде. Асқан дәлдікті талап ететін аса күрделі ота МӘМС есебінен жасалды, — дейді нейрохирург Абу Дүйсенов.
Естеріңізге сала кетсек 18 жасқа дейінгі балалар МӘМС жүйесінде мемлекет тарапынан сақтандырылған.

Өз тілшімізден.