«Зор міндет, үлкен жауапкершілік жүктелді»
Биылғы жыл сот саласы үшін ерекше жыл болды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 24 маусым — Сот күні болып белгіленді. Ал, наурыздағы Жолдауында Президент Конституциялық сот құру туралы ұсыныс жасады. Мұны ел бүгінде қызу қолдап жатыр. Мерейлі мереке қарсаңында біз Ұлытау аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Сəрсен Сағатовқа телефон соғып, Конституциялық сот жайлы əңгімелескен едік.
– Мереке құтты болсын Сəрсен Сейткенұлы!
– Рахмет. Биылғы жыл біз үшін шын мəнінде мерейлі жыл болды. Екі бірдей үлкен қуанышқа кенеліп жатырмыз. Десек те, бұл айтулы оқиғалар бізге зор міндеттер мен үлкен жауапкершіліктер де жүктейді.
– Жауапкершілік жайлы айтып қалдыңыз ғой. Онда əңгімені сол жауапкершілік жүктеген жайтқа қарай бұрсақ. Өзіңізге мəлім Мемлекет басшысы биылғы жолдауында Конституциялық сот құру туралы бастама көтерді. Бұл соттың өзге соттарға қарағанда айырмашылығы неде? Халық үшін тиімлілігі қандай?
– Қазақстан Республикасы Президентінің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Конституциялық Сот құру жайлы ұсынысы саяси реформаларды жүзеге асыру бағытындағы қолға алынған өте қажетті де маңызды іс-шара. Яғни, Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру, Конституциялық бақылау жасау институтының жаңғыртылуы болып табылады.
Сонымен қатар, Конституциялық соттың Қазақстан Республикасының басқа соттарынан ерекшелігі, Конституциялық сот Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күшіне енген Заңдар мен нормативтік актілердің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі туралы шешім қабылдайды.
Қарапайым тілмен айтсам, жаңадан құрылатын бұл соттың жөні бөлек. Себебі, елдегі заңдардың Ата Заңға сәйкестігін бұған дейін Конституциялық кеңес қарағанымен, бұл органға жекелей азаматтар жүгіне алмайтын. Міне, Президент Конституциялық сот құру арқылы құқығы бұзылған азаматтарға жол ашып, өз мүдделерін Ата Заң қағидаларына сай қорғауына мүмкіндік беріп отыр. Енді құқығы тапталған кез келген адам Коституциялық сотқа жүгіне алады.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да елімізде Конституциялық сот жұмыс істеді емес пе? Өзіңіз сол жылдары Жезді ауданында судья қызметін атқардыңыз. Сол кездегі Конституциялық соттың құзыретін қалай бағалар едіңіз?
– Конституциялық соттар шет мемлекеттердің біразында бар. Атап айтар болсақ, мұндай сот ең алғаш рет 1920 жылы Австрияда пайда болды. Екінші дүниежүзілік соғыс бітісімен Германия да бұл іске құлшына кірісті. 1963 жылы Югославияда, 1986 жылы Польшада, ал, тоқсаныншы жылдардың басында Шығыс Еуропа елдері мен Ресейде құрылды. Сол сияқты 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Заңына орай Конституциялық сот құрылып, ол өз жұмысын 1992 жылы 6 маусымда «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» және «Конституциялық сот ісін жүргізу туралы» заңдар шыққаннан кейін бастаған болатын. 1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституцияның қабылдануына орай Конституциялық кеңес құрылып, соған байланысты 1995 жылы еліміздің Конституциялық соты өз жұмысын тоқтатты.
– Конституциялық соттың қандай өкілеттіліктері бар?
– Өкілеттіліктері бойынша Конституциялық соттың құзыреті кең. Атап айтар болсақ, заңдарды ғана емес, орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілерінің де Конституцияға сәйкестілігін қарастыра алады. Ал, Конституциялық кеңес алдын ала бақылау арқылы заңды күшіне енбеген нормативтік-құқықтық актілерді қарайтын. Конституциялық соттың одан бір ерекшелігі, қолданыстағы құқықтық актілерді де қарау мүмкіндігі мол.
Конституциялық сотқа жүгіну үшін ең алдымен азаматтарға басымдық беріледі. Бұған дейін Конституциялық кеңеске тек мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар ғана жүгіне алатын. Сондықтан Конституциялық соттың мәртебесі, судьяларды сайлау тәртібі әрі құрылымы да Конституциялық кеңестен өзгеше болады.
Тағы бір айта кететіні, Қазақстан Республикасының Конституциялық сотын өкілеттіліктері Конституцияның 47 бабында айқындалған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентін қызметінен мезгілінен бұрын босату туралы қос палатаның 4/3 депутаттарының шешімі, Конституциялық сот пен Парламент комиссиясының қорытындысы негізінде Конституциялық рәсімдерді сақтау негізінде қабылданады.
Сонымен қатар, Конституциялық соттың Қазақстан Республикасы Конституциясымен бекітілген адамдардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін Заңдар мен нормативтік актілерді бұзу туралы шешімі, шешім қабылданған күннен қолданысқа енгізіледі.
– Соңғы сауал, Конституциялық соттың Жоғарғы соттан айырмашылығы неде? Қарапайым халық бұл соттарға қандай мәселелермен жүгіне алады?
– Конституциялық сот – Ата Заң нормаларының, қабылданған заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің сақталуын, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз етеді. Ал, еліміздің Жоғарғы соты азаматтық, қылмыстық істер, сондай-ақ, жергілікті соттардың соттылығына жататын өзге де істер бойынша ең жоғарғы сот органы болып саналады. Онда жергілікті соттарда қаралған істер кассациялық тәртіппен қаралады. Елімізде сот төрелігі бірінші сатыда, аппеляциялық, кассациялық тәртіпте жүзеге асырылады. Қысқасы, Жоғарғы соттың Конституциялық соттан негізгі айырмашылы – сот төрелігін жүргізу тәртібінде.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, Қазақстан Республикасының Конституциялық сотының Жоғарғы Соттан, басқа соттардан айырмашылығы, Конституциялық сот Азаматтардың өтініштері бойынша, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының, Адамдар құқығы бойынша Уәкілетті тұлғаның ұсыныстары негізінде азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды.
Осылайша, Конституциялық реформа азаматтардың елді басқару мүмкіндігін арттырады және саяси үдерістерді шын мәнінде демократтияландырады деп сеніммен айта аламыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.