Зияткерлік меншік саласындағы жаңа енгізілімдер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында елімізде креативті экономиканың ауқымды дамуы үшін жағдай жасауға, оның ішінде зияткерлік меншікті құқықтық тәсілдермен қорғауға баса назар аударылды. Себебі, зияткерлік меншік – заманауи мемлекеттің экономикалық дамуындағы маңызды сала.

2025 жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына (бұдан әрі — Заң) қол қойды. Заң зияткерлік меншік құқығын қорғауды күшейту мақсатында әзірленді және бірқатар шараларды қабылдауды қарастырады.
Ең ауқымды және маңызды өзгерістер құқықтарды ұжымдық басқару саласын қамтиды. «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ғылым, әдебиет және өнер туындыларының авторлары, орындаушылар, фонограмма шығарушылар өздерінің мүліктік құқықтарын іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарды (бұдан әрі — ұйымдар) құруға құқылы. Мұндай ұйымдар пайдаланушылармен лицензиялық шарттарды жасайды, авторлардың немесе құқық иеленушілердің сыйақыларын жинайды, жиналған сыйақыны құқық иеленушілерге бөліп, төлейді.
Алайда, аталған салада келесі мәселелер бар: сыйақыны жинаудың түссіздігі, жиналған қаражатты мақсатсыз пайдалану, үшінші тұлғалармен схемалар (жалған мәмілелер), сыйақы жинаудың төмен деңгейі, авторлар мен пайдаланушылардың төмен құқықтық сауаттылығы.
Осы мәселелерді шешу және құқықтарды ұжымдық басқару саласын цифрландыру мақсатында Бірыңғай цифрлық платформа (бұдан әрі — БЦП) енгізілген. БЦП ұйымдардың барлық үдерістерін көрсетуге мүмкіндік береді: пайдаланушылармен жасалған шарттарды, авторлардың сыйақы төлемдерін, ұйымдардың бухгалтерлік есептерін.
Аталған платформаға қосылу 3 кезеңге бөлінген: 1 кезең – 2026 жылдың 23 қаңтарынан бастап эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдары (ТВ, радио арналар), 2 кезең – 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап театрлар, кинотеатрлар, филармониялар; 3 кезең – 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қалған пайдаланушылар (кафе, барлар, ресторандар, қонақ үйлер және т.б.).
Сонымен бірге, Заңмен ұйымдардың бақылауын күшейту көзделген. Яғни, ұйымның қызметі туралы есеп Әділет министрлігіне белгіленген мерзімде ұсынылмаған немесе жалған мәліметтермен ұсынылған жағдайда 3 айға дейін аккредиттеу туралы куәлік тоқтатылады.
Сонымен қатар, жаңа енгізілімдерге сәйкес көру қабілеті бұзылған адамдардың жарияланған шығармаларды авторлардың рұқсатынсыз және оларға сыйақы төлемей-ақ көпшілік алдында орындауына, таратуына, жалпыға жеткізуіне мүмкіндік беріледі.
Тауар таңбалары саласында да мерзімдерге қатысты өзгерістер енгізілген. Жалпы, тауар таңбасын тіркеу үшін екі кезеңдік сараптама өткізіледі: алдын ала сараптама және толық сараптама. Жаңа өзгерістерге сәйкес, тауар белгілерін жеделдетілген тәртіппен тіркеуге болады. Яғни, алдын ала сараптама – бір айдың орнына он жұмыс күні ішінде, толық сараптама – жеті айдың орнына үш ай ішінде жүргізіледі. Сонымен бірге, тауар белгісі ретінде тіркеуге қарсылық беру мерзімі бір айдан екі айға ұзартылды.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, авторлар, бағдарлама жасаушылар немесе кәсіпкерлер олардың зияткерлік еңбектерінің нәтижелері заңмен қорғалатынына сенімді болған жағдайда, жаңа өнімдерді шығару үшін өз уақытын, білімін және капиталын салуға дайын. Осылай, зияткерлік меншікті құқықтық қорғау мемлекеттің экономикалық өсуіне, экспорт потенциалына және халықаралық бәсекелестік қабілеттілігіне тікелей ықпал етеді.
Диана ЕСЕНОВА,
Ұлытау облысы Әділет департаменті зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы.

