Жылу маусымына дайындық тексеріледі

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың қысқы жылыту маусымына дайындық жөніндегі қызметін тексеру жөніндегі арнайы комиссия құрылғаны белгілі. Оны Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Т.Сүлейменов басқарды. 

Сондай-ақ комиссия құрамына Бас прокуратураның, жоғары аудиторлық Палатаның, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.

Осы комиссияның жұмысы аясында ағымдағы жылдың 5 желтоқсанында Ұлытау облысына Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және ТКШ істері комитетінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің өкілдері келді.

Тексеріс аясында Комиссия бірқатар нысанды аралайды: Жезқазған ЖЭО және № 1 Сәтбаев жылу станциясы, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының жылумен жабдықтау кәсіпорындары.

Аралаудың мақсаты – біздің өңірдегі жылыту маусымының барысын қысқа мерзімде тексеру. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті қорытындылар мен ұсыныстар беріледі. Екінші кезеңде коммуналдық шаруашылық саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қаржы-шаруашылық қызметін тексеру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.