Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы
ҚР Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен орталық, жергілікті және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыстылыққа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Отырыс ашылуында Бас Прокурор апаттылықты төмендету шаралары «Заң мен Тәртіп» идеологиясына сай келетінін атап өтті. Басты міндет – заңның үстемдігін нығайту және жол қозғалысына қатысушылардың әрқайсысының әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру. Қоғамда жүргізу мәдениетін дамыту және құқық бұзушылыққа төзімсіздік қалыптастыру қажет.
Б. Асылов Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың өз қауіпсіздігі мен айналасындағылардың қауіпсіздігі үшін жеке жауапкершілігіне назар аударғанын атап өтті.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – жол қозғалысы ережелерін сақтамау.
Талдау көрсеткендей, апатқа кінәлі жүргізушілердің 81%-ы бұған дейін де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылған, бұл қайталану деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді. Мәселен, ШҚО-да бір жүргізуші бір жыл ішінде 32 рет ереже бұзып, оның 13-і – жылдамдықты арттыру фактілері. 8 қаңтарда қарсы жолаққа шығып, салдарынан өзі және екі жолаушысы қаза тапты. Мұндай жағдайлар жыл сайын қайталанады.
Тағы бір жағдайда жүргізуші соңғы екі жылда 72 рет жол қозғалысы ережесін бұзған, оның ішінде 2025 жылы жылдамдықты арттырғаны үшін 30 рет жауапкершілікке тартылған. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 30 тамызында Алматы қаласында жаяу жүргіншіні қағып, оның өліміне әкелген.
Бас Прокурор жүргізуші куәліктерін беру процесін бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін де атап өтті. Жүргізуші куәлігін заңсыз алу жағдайлары қоғам үшін қауіп төндіретін фактор ретінде қаралады.
Бұдан бөлек, қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін негізгі факторлардың бірі – автомобиль жолдарында белгіленген нормаларға сәйкес келмейтін рұқсатсыз шығу жолдарын, қиылыстар мен қосылуларды салу. Ірі трассаларға қосылулардың ең аз саны жөніндегі талаптар сақталмайды.
Мысалы, «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолында жобалық түрде 48 қосылу көзделген, оның 28-і – рұқсат етілген арақашықтықты бұза отырып орналастырылған. Ақмола облысының Қоянды және Бірлік-Бек ауылдары маңындағы ұзындығы 7 км учаскеде жергілікті тұрғындар өз бетімен салған 17 заңсыз қосылу бар. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
