Жездіге қатысты жұмыстар ауқымды
Облыс басшысының жұмыс сапары соңында аймақ журналистері əкімге кенттің келешегі, тұрғындарды толғандырып жүрген мəселелер жөнінде бірқатар сұрақтар қойды. Өңір басшысы оған барынша байыппен жауап берді.
Ашық аспан астындағы сұхбаттасу «Жезді кентінің əлеуметтік əлеуетін көтеру бағытында облыс əкімдігі қандай жоспарлар жасап жатыр» деген сауалдан басталды.
– Бүгінгі күні Жезді кентінің тұрғындарын алаңдатып отырған басты мəселе – ток. Біз бұл бағытта біршама жұмыстар жасадық. Ток тарату компаниясы алдындағы қарызды жабу үшін бюджеттен ақша бөлдік. Қазір «Қазақмыс» корпорациясы басшыларымен келісіп отырмыз. Компанияға қарасты ЖРЭК мекемесі биыл арнайы бригада жасақтап Жездіге жəне Ұлытауға қоятын болды. Қыста əр түрлі апатты жағдайдың алдын алатын болады олар. Ал, келер жылы аталмыш компания осы өңірдің тоғын толықтай өз баланстарына алатын болады.
Екінші мəселе, əлгінде өздеріңіз болған екі нысан. Мына аурухананы жаңғырту 2019 жылы кент тұрғындарының өтінішімен қолға алынып еді.
Қазір жұмыс қайта жанданды. Спорт-сауықтыру кешені жазға қарай толық аяқталып іске қосылады деп отырмыз. Аурухана да солай. Мұнда біз қазіргі заманауи құрылғылар орнатамыз. Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетудің барлық жағдайын жасаймыз. Жаңадан жедел жəрдем көлігін əпереміз.
Үшінші бір өзекті мəселе – экологияға қатысты. Кент тұрғындары орталық арқылы өтіп жатқан өзеннің арнасын қамыстан тазалау жөнінде өтініш айтқан еді. Осы жұмысты да қолға аламыз. 2023-2024 жылдарға арнайы қаржы да бөлінеді осы жұмысқа. Мүмкіндігінше өзен табаны қамыстан, өзге де қоқыстардан тазартылатын болады. Журналистер қойған келесі сауал «Жезді кентінің жеке аудан болып шығуға мүмкіндігі бар ма?» деген ойды қозғады.
– Əрине, Жезқазған өңірі қайта облыс болса деген үміт елдің көптен көкейінде жүр еді. Ақыры орындалды. Жезділіктер де осындай үмітпен жүргені белгілі. Ол заңды да. Бірақ, əзірге халық санының аздығы Жездінің жеке аудан болып шығуына қолбайлау болып отыр. Келешекте өңірге халық көптеп келіп, қоныстанып жатса неге болмасқа.
Сұхбатта кентке кіре берістегі қаңырап тұрған көп қабатты үйлердің келешегі де сөз болды.
– Бұл мəселе 2020 жылдан бері көтеріліп келеді. Көп қабатты үйлердің ішінде он шақтысы тұрғындарға беруге қолайлы. Олар қазір консервацияда тұр. Ал көп үй авариялық жағдайда. Оларды тек сүріп, орнын тазалап, сол жерлерге демалыс орындарын, балалар алаңдарын, басқа да халыққа қажетті əлеуметтік нысандар салуға болады. Біз осындай ұсыныс бердік. Оны жергілікті қауымдастық өзі шешеді. Үйлерді бұзып, орнын тазалап берейік деп отырған азаматтар да бар. Оны қауымдастықпен келісіп шешу қажет.
Ал енді, консервацияда тұрған үйлердің бұрынғы иелері бағаны көтеріп жіберді. Егер оңтайлы баға болса біз оларды сатып алып, жөндеп, жаңғыртып кезекте тұрған елге бермек едік. Осы ықшамауданда үш қабатты бір үй бар. Сол үйдің барлық пəтерлерін жөндеп елге беруге болады. Содан бастайық деп ойлағанбыз. Бірақ, иелері ол пəтерлерге тым қымбат ақы сұрап отыр. Егер сол азаматтар кентіміздің келешегі үшін арзанға береміз деп жатса біз ол үйлерді сумен, жылумен қамтамасыз етіп, тұрғын үй кезегінде тұрған жандарға берер едік, – дейді облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы журналистерге берген сұхбатында.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ