Жезқазғанда жалпы сомасы 29 млрд теңгеге 8 инвестициялық жоба іске қосылады

Бұл туралы аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы облыс орталығының тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді. Іс-шараға облыс мәслихатының хатшысы Бауыржан Шыңғысов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың, күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ «Қазақмыс «корпорациясы» ЖШС даму жөніндегі директоры Бақтияр Қырықпышев қатысты.
 Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжановтың есебін тыңдап, Берік Әбдіғалиұлы қала басшылығының алдына тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу бойынша нақты міндеттер қойды.  Сондай-ақ, іс-шара барысында азаматтар облыс әкіміне кез келген сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Есеп беру кездесуі көрсеткендей, өңір тұрғындарының көпшілігін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ветеринария және кәсіпкерлік салалары алаңдатады.
 Мысалы, зооқорғаушы А.Нұрсейітовті қаңғыбас мысықтар мен иттердің тағдыры толғандырады. Өңір басшысының айтуынша, бұл мәселені шешуге арнайы баспана көмектеседі. Ол оның құрылысы бойынша жұмыстар басталғанын атап өтті. Қоғам қайраткері Р.Бикаев есеп беру кездесуінде «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ-ның алдағы қызметіне қатысты мәселені көтерді. Белгілі болғандай, жақын арада «Қазақмыс» корпорациясымен осы кәсіпорынды сенімгерлік басқару шарты бұзылады. Алайда, қазіргі уақытта «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорнының» мердігерлер мен жеткізушілер алдында берешегі бар. Берік Әбдіғалиұлы жиналғандарды жылумен жабдықтау кәсіпорны сенімгерлік басқарудан Жезқазған қаласы әкімдігінің басқаруына қарызсыз шығатынына сендірді. Бұл келесі жылдың басында болады. Тележурналист А.Тұрсынбекованы өңірде шағын және орта бизнестің қалай қолдау көрсетілетіні қызықтырды.
 Қазіргі уақытта Ұлытау облысында ШОБ дамытуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді. Гранттар бөлінеді, шағын несиелер бойынша кепілдіктер беріледі, «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы табысты іске асырылуда. Осыған орай өңір басшысы азаматтарды, оның ішінде жастарды жобаларға белсенді қатысуға және өз өтініштерін беруге шақырды.
 Сонымен қоса, есептік кездесу қатысушылар арасында А.Қошанов, Н.Базарбекұлы, С.Рыбалкина, 91-94 орам тұрғындары, биылғы әкім гранттарының иегерлері мен жеңімпаздары болды. Олардың сауалдары абаттандыру және жылумен жабдықтау, депутаттық корпустың жұмысы мен жастар саясатын іске асыруға қатысты болды.
 Берік Әбдіғалиұлы өңір тұрғындарының барлық өтініштеріне жауап берді. Олар жеке мәселелер бойынша қабылдау аясында өңір басшысына сұрақтарын қойды. Облыс әкіміне 30 адам жазылды. Азаматтардың сұрақтары тұрғын үйлердің жай-күйі, тұрғын үй беру секілді тұрғын үй саласына қатысты болды. Барлық өтініш берушілерге түсініктемелер мен қажетті кеңестер берілді.