Жезқазғанда жаңадан ашылған Батыс ауданына 12 мың адам қоныстанады

Облыс құрылған алғашқы екіжылдықта инженерлік желілерді жаңартуда ауқымды жұмыстар атқарылғанының нәтижесінде биыл Жезқазғанда абаттандыру жұмыстары қарқын алды.

Облыс орталығының басты көшесі саналатын – Алашахан даңғылында жаяу жүргіншілер аллеясы бой көтеріп, жалпы саны 31 ойын алаңы салынды. Оған қоса 100 қоқыс контейнері алаңы орнатылып, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 369 контейнері айырбасталды.
«Қазақмыс» корпорациясының демеуімен 40 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылды.
Қазіргі таңда Жезқазған қаласының аумағы кеңейтілуде. Дамудың басты көрсеткіші ретінде қаланың Бас жоспарына сәйкес, Батыс ауданын ашу әрі дамыту жобасы қолға алынды. Қазіргі таңда ол аумақта көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, қолдау қаражатына ғимараттар жоспарланып, бой көтеруде. Атап айтар болсақ, оқушылар сарайы, емхана, 320 орындық балабақша, 900 орындық мектеп, спорт кешені, мұз аренасы мен бассейн.