ЖЕЗҚАЗҒАНДА – ҚОНЫС ТОЙЫ
Ұлытау облысында жыл басынан бері жалпы саны 53 отбасы пәтерлі болып үлгерді. Бүгін табыс етілген 33 баспананың жалпы аумағы — 1700 шаршы метрге жуық. Шаңырақ иелері кілттерін өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлының қолынан алды.
«Тұрғындардың қуанышын еселеу мақсатында өңірде жаңа тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алып келеді. Атап айтар болсақ, биыл Ұлытау облысы бойынша 36 мың шаршы метрге жуық тұрғын үйдің құрылысы көзделіп отыр, яғни 400-ге жуық баспананың қазығын қағу жоспарда тұр. Оның 270 пәтерлі үйі Жезқазғанда орналаспақ» – деді облыс әкімі өз құттықтау сөзінде.
Айта кетейік, әз-Наурыз мейрамының қарсаңында жезқазғандықтарға Абай көшесі 85, Шевченко көшесі 9 үйден кезек бұйырды.
Анықтама үшін: Абай көшесі 85 мекенжайында орналасқан үй күрделі жөндеуден өтсе, Шевченко 9 мекенжайындағы баспананың құрылысы былтыр аяқталған.