Жезқазған: ауызсу мәселесі шешіледі
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Үйтас-Айдос су құбырын жаңарту жұмыстарының барысын қадағалады. Жобаның жетекшісі өңір басшысына биылғы жұмыстарды толықтай аяқтау үшін қосымша 4,2 млрд теңге қажет екенін жеткізді. Қаржы мәселесі шешілсе, биыл жоба бойынша 14,2 шақырым құбыр тартылады. Су құбырын тарту жұмыстары толығымен 2024 жылы аяқталмақ.
Қазіргі уақытта бюджеттен 4,2 млрд теңге бөлінген, мердігер «BI Global» ЖШС жобаны кестеден кешіктірмей жұмыстарды жалғастыруда.
Жобаның жүзеге асу барысын қадағалаған Берік Әбдіғалиұлы облыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үскеновке жұмыстардың тұралап қалу қаупін болдырмауды, ол үшін күтіліп отырған қаражат мәселесін тезірек шешу жұмыстарын атқаруды тапсырды.
Айта кетейік, төрт кезеңнен тұратын Үйтас-Айдос су құбырын ауыстыру жобасы – Жезқазған халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынды.