Жетістіктің іргетасы – ізденісте

Мемлекеттік қызмет – жауапкершілікті аса қажет ететін, жоғары деңгейдегі, ең сапалы қызметтің бірден-бір үлгісі. Қоғамның қажеттілігін өңдейтін ұлтжанды, отансүйгіш азаматтардың атқаруымен жүзеге асатын қызмет. Сондықтан әрбір қызметкердің бойынан ұқыптылық, әділдік, адамгершілік, кәсіби білім мен жаңашылдық табылуы тиіс. Әсіресе, өзіне деген құрмет, жұмысына деген махаббат пен халқына деген сүйіспеншілік – ең бірінші қажеттілік. Себебі, мемлекеттің өсу деңгейі мен ел қамын ойлаған жұмысшы еңбегінің нәтижелі болатыны сөзсіз.

Сапалы қызмет көрсетілуі үшін қызметкерге артылатын міндет те жоғары. Халық алдында абыроймен адал еңбек еткенде ғана экономикалық тұрғыдан ғана емес, адами тұрғыдан да өсу болады. Мемлекеттік қызметтің құндылығын түсінгенде ғана әрдайым жаңашыл өзгеріс енгізіледі. Әр қызметкер саналы түрде осы ережені ұғынғанда ғана халықтың да тарапынан үлкен сенім болатыны ақиқат. Ал сенім болған жерде міндетті түрде ашықтық болатыны белгілі. Өйткені мемлекеттік қызметшінің әдептілігі маңызды.
Мемлекеттік қызметкер жергілікті жердің саяси ахуалын ескере отырып, қызмет атқаруы тиіс. Өз басым атқаратын қызметімді ерекше мәртебе деп санаймын. Халыққа, заңды және жеке тұлғалардың арыз-шағымдарын қарау, оларға уақытылы жауап беру, сол бағыттағы жұмысты ұйымдастыру – қызметтік міндетімнің негізгі талабы.
Алғашқы жұмысымды 2015 жылы «Ұлытау ауданының білім бөлімі» ММ зейнетақы қоры есепшісі болып бастадым. 2016 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі әскер қатарына қабылданып, бір жыл Отан алдындағы борышымды өтедім. 2018 жылдан бастап алғашқы мемлекеттік қызметкер ретінде Ұлытау ауданының Статистика басқармасында жетекші маман лауазымынан бастадым. 2019 жылы Ұлытау ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы болып жұмысымды жалғастырдым. 2023 жылдан бері «Ұлытау ауданы әкімінің аппараты» ММ құжаттамалық қамтамасыз ету ақпараттық технологияларды дамыту және мемлекеттік қызмет сапасын бақылау бөлімінің басшысы лауазымында жұмысымды атқарып келемін.
Бүгінгі таңда қазіргі атқарып отырған жұмысы жайлы айтатын болсам, 2024 жылы аудан көлемінде 1089 өтініш келіп түсті. Ал, биылғы жылдың жарты жылдығы бойынша айтсам, 462 өтініш түсіп отыр. Біз әр өтінішті мұқият қарап, тиісті жауаптыларға беріп отырамыз. Осы тұста айтпағым, әр азамат өзінің өтінішін, арызын, талабын «Е-өтініш» жүйесі арқылы үйден отырып ЭЦҚ кілтімен жолдай алатынын еске салғым келеді. Сілтеме: https://eotinish.kz.
Сонымен қатар, әркез бөлімде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау тұрақты жүргізіліп отырылады. Статистикалық сандарға жүгінетін болсақ, 2024 жылы азаматтарға 1478 мемлекеттік қызмет, 2025 жылдың 1 тоқсанында 423 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Бұл сандар жыл санап артып келеді. Демек, бұл азаматтардың электрондық мемлекеттік қызметке бет бұрып, осы электрондық қызметтің тиімді жақтарын оңтайлы қолданып жатқанын көрсетеді. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қатарында жер мәселелері, әлеуметтік қамтамасыз ету, экономикалық-қаржылық тұрғыдағы өтініштер, ауылшаруашылық саласы, тіпті әскери қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтер де көрсетіледі.
Жалпы, елімізде стандартқа сай бекітілген 1330 ресми мемлекеттік қызмет саласы бар. Оның ішінде бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар тарапынан аудан көлемінде 50-ге жуық мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Жоғарыда аталған қызметтерді уақытылы, заңға сәйкес орындап отыру біздің міндетіміз.
Бүгінгі таңда аудан көлемінде жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік қызметшілердің тапшы болып жатқан жағдайлардың кездесіп жатқаны жасырын емес. Осыған байланысты барлық жастарды ауданымыздың алға басуына, жастық шақтың айбынымен аянбай еңбек етуге, ауданның экономикалық, мәдени тұрғыда қарыштап дамуына үлес қосуға шақырамын.
Осы орайда, ауданымыздың өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген ауданымыздағы барлық мемлекеттік қызметшілерді 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Мереке құтты болсын!

Әмірбек ҚАЙРАТҰЛЫ,
Ұлытау ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінің құжаттамалық қамтамасыз ету, ақпараттық технологияларды дамыту және мемлекеттік қызмет сапасын бақылау бөлімінің басшысы.